Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Көліктен келер қатер көп

Көліктен келер қатер көп

Көрсеткіштердің өскені жақсы ғой. Біз халық ретінде өсімнің артқанына қуанбасақ, қарсы болмаймыз. Дегенмен әл-ауқатпен қатар өреміздің де өскені дұрыс. Бұл сөзді мен жүгенсіз кеткен кейбір жүргізушілерге қатысты айтып отырмын. Иә, расымен-ақ, қазір қала ортасымен өтетін тақтайдай түзу тура жол, одан қалды орталық көшелердің барлығы сапалы тас жолмен қамтылған. Мұндай жолдардың саны артып келеді. Ал сол жолмен жүйткіген автокөліктер ше? Автокөлік саны тіпті көп. Көшеге шыға қалсақ көз сүрінеді. Бұл да тұрғындардың ахуалының өскені емес пе?! Қуанарлық. Бірақ мені күпті еткен өсім жайы жергілікті «Толқын» газетінде жарық көрген мақаладағы өсім болды. Онда «... өткен жылы 31 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан 10 адам бақилық сапарға мезгілсіз аттанған екен. Бұдан бөлек, 43 адам түрлі дәрежеде жарақат алып, аурухана төсегіне таңылыпты» дей келіп, биылғы 11 айдың есебінде 20 адам жол-көлік оқиғасының құрбаны болғанын атапты. Иә, бұл жол ережесін сақтамайтын әрбір адамға қатысты. Осыдан сәл бұрынырақ «көлік адамды қағып кетіпті» дегенді естісек қорқатын едік. Ал қазір бұл сөзді күн сайын естіп жатырмыз. «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» дейді қазақ. Тәртіп бар жерде, өкініштің болмайтынын ұмытпайық.

Н. ӨТЕУЛИЕВ,
Арал қаласы
10 желтоқсан 2019 ж. 816 0