Вакцинация – тек бір баланы қорғау емес, қоғам денсаулығын нығайту
Қазақстанда адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцинациялау жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасуда. 2024 жылдан бастап елімізде 11 жастағы қыздарға жоспарлы түрде және 12-13 жастағы қыздар үшін толықтыра иммундау жүргізіліп келеді. Енді бұл профилактикалық шара 14-17 жас аралығындағы қыздарды да қамтиды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңындаҚызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Алия Абдикаимованың айтуынша, вакцинациялаумен қамтуды кеңейту халықтың сұранысы мен жасөспірімдердің денсаулығын қорғау қажеттілігіне байланысты қолға алынған.
– ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне АПВ-ға қарсы вакцинацияға қатысты азаматтардан көптеген өтініштер келіп түсті. Осыған байланысты ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2026 жылғы 13 мамырдағы №7 қаулысы қабылданып, 14 жастан 17 жас 11 ай 29 күнге дейінгі қыз балаларды ерікті негізде вакцинациялау енгізілді. Бұл жатыр мойны обырының және АПВ-мен байланысты өзге де қатерлі аурулардың алдын алуға бағытталған маңызды қадам. Қызылорда облысында ағымдағы жылдың басынан бері 11-13 жастағы қыз балаларға АПВ-ға қарсы екі мыңға жуық екпе салынды. Оның ішінде 1604 қыз бірінші дозамен, 1213 қыз екінші дозамен вакцина алды. Мамандардың айтуынша, вакцина алғандар арасында иммундаудан кейінгі қолайсыз жағдайлар тіркелмеген, – деді спикер.
Мамандардың мәліметінше, вакцинация барысында 4 валентті «Гардасил» екпесі қолданылады. Бірінші доза кез келген таңдалған күні салынады. Екінші доза алғашқы екпеден кейін 2 айдан соң, ал үшінші доза 6 айдан кейін жүргізіледі.
Вакцинация білім беру ұйымдарының медициналық кабинеттерінде және емханалардың егу кабинеттерінде жүргізіледі. Сонымен қатар, шалғай елді мекендер мен қажетті жағдайы жоқ білім беру ұйымдарында арнайы көшпелі егу бригадалары жұмыс істейді.
– Вакцинация міндетті емес, тек ата-анасының немесе заңды өкілінің ақпараттандырылған келісімі арқылы жүргізіледі. Басты мақсат жасөспірім қыздардың денсаулығын сақтап, болашақта онкологиялық аурулардың алдын алу, – деді Алия Абдикаимова.
Дәрігерлердің айтуынша, адам папилломасы вирусы әлемде ең кең таралған инфекциялардың бірі. Ол ұзақ уақыт бойы белгісіз өтіп, кейін жатыр мойны обырына және басқа да қауіпті дерттерге әкелуі мүмкін. Сондықтан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы АПВ-ға қарсы вакцинацияны жатыр мойны обырының ең тиімді алдын алу тәсілі ретінде ұсынады.
Бүгінде АПВ-ға қарсы вакцина әлемнің көптеген елдерінде кеңінен қолданылып келеді. Оның қауіпсіздігі мен тиімділігі халықаралық зерттеулер арқылы дәлелденген. Мамандардың пікірінше, вакцина жасөспірім шақта салынған кезде ағзада вирусқа қарсы тұрақты иммунитет қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Сала мамандары ата-аналарды қыз баласының денсаулығына жауапкершілікпен қарап, профилактикалық екпелердің маңызын түсінуге шақырады. Себебі вакцинация тек бір баланы қорғау ғана емес, қоғам денсаулығын нығайтудың маңызды тетігі.
Өңірлік Коммуникациялар Қызметі










