Жасанды интеллектіні пайдаланатын алаяқтардан қалай қорғануға болады?
Астанада интернет-алаяқтықтың алдын алу жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы прокуратурасының прокуроры Азат Тастанов мәлімдеді.
Оның айтуынша, интернет-алаяқтықпен күрес тиімділігін арттыру мақсатында АНТИФРОД жүйесі енгізілген. Жүйе банктер мен басқа ұйымдарға күмәнді қаржылық операцияларды анықтап, азаматтардың қаражатын қорғауға мүмкіндік береді.
Жыл басынан бері елордада АНТИФРОД жүйесі арқылы қылмыстық схемаларда пайдаланылуы мүмкін 19 600 есепшот бұғатталған.
Прокурордың айтуынша, қазіргі алаяқтар жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланып, азаматтарды алдаудың жаңа тәсілдеріне көшкен. Олар бейнеқоңырау шалып, жалған фотосуреттер жасап, туыстарының немесе таныстарының дауысын салып сөйлесуі мүмкін. Негізгі мақсат – жеке деректерді, банк карталарының мәліметтерін және SMS-кодтарды иемдену.
Мұндай жағдайлардың бірі Астанада тіркелген. Белгісіз адамдар WhatsApp арқылы хабарласып, өздерін Қаржылық мониторинг агенттігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері ретінде таныстырған. Олар тұрғынды депозиттегі қаражатын «қауіпсіз сақтау» үшін шешіп алып, курьерге беруге көндірген.
Киберқауіпсіздік мамандары алаяқтардан қорғану үшін бірнеше маңызды кеңес береді:
USB немесе NFC арқылы жұмыс істейтін аппараттық қауіпсіздік кілттерін пайдалану;
Парольдің орнына биометриялық деректерге негізделген Passkeys технологиясын қолдану;
Жақындармен алдын ала құпия код сөзін келісіп алу;
Барлық аккаунттарды бір ғана электрондық поштаға тіркемеу;
Интернеттегі жеке ақпарат көлемін шектеу.
Мамандардың айтуынша, ең тиімді қорғаныс құралы – қырағылық. Күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сенбеу, ешкімге парольдер мен растау кодтарын бермеу және ақпаратты тек ресми дереккөздер арқылы тексеру қажет.
Ақпарат көзі: baq.kz











