Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы-аса қауіпті жұқпалы ауру

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы-аса қауіпті жұқпалы ауру

Кенелер  Конго-Қырым   геморрагиялық  қызбасы  секілді  аса  қауіпті   жұқпалы  аурулардың  қоздырғыштарын  тасымалдап,  оларды  адамдарға таратушы  болып  табылады. Кенелер   қоздырғышты  өмір  бойы өз денесінде  сақтайды,  оларды  жұмыртқасы  арқылы өз  ұрпағына  таратады, яғни  бір аналық кене 8-10 мың  жұмыртқа салып, одан  өсіп-өніп  шығатын  кенелерге  өзінің  бойындағы  қоздырғыштарды  бере алады.
Ауру  кене  шағу  арқылы, кенені  жалаң  қолмен  алып тастап,  езгенде,  қой-ешкіні  жалаң қолмен  қырыққанда, кенелеп кеткен  малды  сойғанда, ауырған адамда қан кету кезінде   көмек  көрсеткенде  жұғады.
Адамда аурудың  алғашқы  клиникалық  белгілері  ауру  тасымалдаушы  кене  шаққаннан  кейін  2-7  күннен кейін  біліне  бастайды,  яғни  адамның  дене  қызуы  39-40 градусқа  дейін  көтеріледі,  қалтырайды, басы  қатты  ауырып, белі, буындары, тұла  бойы  сырқырайды,  әлсіздік  пайда  болады,  іші  ауырады, денесіне майда бөртпелер шығады. Беті, денесі, көзі  қызарып, 2-5  күннен соң  қызыл иектен, мұрыннан, ішкі  ағзалардан  қан кетеді,  тамыр көгеріп,  денесі «көкала»түске  өзгереді,  яғни  халықта «көкала»  деп аталу себебі  сол. Осы  клиникалық белгілер байқалғанда  дереу  дәрігерге  көріну  қажет.
  Аурудан сақтану үшін далалық  жерлерде  мал  жайғанда,  шөп  шапқанда, серуендеуге  шыққанда  шалбардың  балағын  шұлыққа  салып,  жоғары  жақтың  бәрін  қымтап кененің  кіріп кетпеуін  қадағалау,  әрбір 2-3 сағат  сайын  киімдерін,  дененің  ашық  жерлерін  қарап  қою қажет. Себебі кене шағар алдында адамның денесіне терінің сезімталдығын әлсірететін сұйықтық себеді, сондықтан адам  кененің  жабысқанын   байқамай  қалады.Далалық  жерден келген  соң сырт   киімді   шешіп,  кенеден тазарту керек. Кенені ешқашанда жалаң қолмен ұстамаңыз!
Егер Өзіңізді  кене шаққанын  байқасаңыз ешқандай сұйықтық майлар тамызудың қажеті жоқ, себебі  сұйықтық тамызылған соң кене тұмсығын тереңге тығып, оны шығару қиындайды. Адам денесіне жабысқан кенені  арнайы  қысқашпен немесе жіп орап қозғай  отырып,  суырып  алу керек,  егер  тұмсығы  қалып  қойса,  инені  шырпымен  күйдіріп  тікен  суырғандай  алып тастау  керек, орнына  70 пайыздық спирт, 5 пайыздық йод ерітіндісін жағу қажет. Міндетті  түрде дәрігерге  көріну керек..
Өрістен келген малдардың  үстін мұқият  қарап, кене  жабысса  қысқашпен абайлап суырып алу  керек. Алынған кенелерді  міндетті  түрде өртеп  жіберу  керек. Мал  қораларды қидан тазарту керек, мал қораларды, малдарды кенелерге қарсы залалсыздандыру  жұмыстарын  жүргізу  қажет. Малдарды  қырыққанда, сойғанда   арнайы  жұмыс  киімін,  резеңке  қолғап  киіп  жұмыс  жасау  керек.
2026 жылға Арал ауданында Конго-Қырым  геморрагиялық қызбасы  ауруынан  "қолайсыз"  20 елді  мекен есепке  алынған, оларда мамыр айында облыстық бюджеттен бөлінген қаражатқа малдарға, мал қораларға, суаттарға кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді.
Арал ауданында 2026 жылы 13 маусымда Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруының нақтыланған жағдайымен 1 науқас анықталып, науқас аурудың асқынуынан қайтыс болды.
Ауданда Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы  ауруының тіркелуіне және аудана аумағында кейбір елді мекендер,  уақытша мал жайылымдары мен қыстауларда кененің көбеюіне байланысты кене арқылы жұғатын аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында малдар мен қора-жайларға кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарын уақтылы жүргізу қажет. Осыған байланысты шаруа қожалықтарының иелері мен елді мекеннен шалғай орналасқан  мал шаруашылығы нысандарының (фазендалар, мал ұстау орындары, қора-жайлар ) иелерінен өз қаражаты есебінен кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарын ұйымдастыру сұралады.
 Өз денсаулықтарыңызға жауапкершілікпен қарап, сақтық шараларын қатаң сақтауларыңызды сұраймыз.
А.Сатекеева,
Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау
басқармасының басшысы
17 маусым 2026 ж. 85 0