Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Қырым-Конго геморрагиялық қызбасы – аса қауіпті жұқпалы ауру

Қырым-Конго геморрагиялық қызбасы – аса қауіпті жұқпалы ауру

Бүгінгі біздің сұхбатымыз Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы  А.Сатекеевамен Қырым-Конго-геморрагиялық  қызбасы – аса  қауіпті  жұқпалы  ауру тақырыбында болмақ.
Сұрақ Қырым-Конго-геморрагиялық  қызбасы туралы оқырманның біреуі білсе,біреуі білмеуі мүмкін. Бұл жалпы қандай ауру, бұл ауруды кімдер таратады, сол жөнінде ақпарат берсеңіз?
Жауап: Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – аса қауіпті жұқпалы ауру, бұл аурумен адамдар ауырады. Кенелер  Қырым-Конго  геморрагиялық  қызбасы  секілді  аса  қауіпті   жұқпалы  аурудың  қоздырғыштарын  тасымалдап,  оларды  адамдарға таратушы  болып  табылады. Кенелер   қоздырғышты  өмір  бойы  өз денесінде  сақтайды,   бір аналық кене 8-10 мың  жұмыртқа  салып, одан  өсіп-өніп  шығатын  кенелерге  өзінің  бойындағы  қоздырғыштарды  береді.
Сұрақ: Аурудың жұғу жолдары мен ауру  белгілеріне тоқтала өтсеңіз, адам ауырған жағдайда қандай белгілерге аса назар аударуы керек?
Жауап: Ауру  кене  шағу  арқылы, кенені  жалаң  қолмен  алып тастап,  езгенде,  қой-ешкіні  жалаң қолмен  қырыққанда,кенелеп кеткен  малды  сойғанда, ауырған адамда қан кету кезінде   көмек  көрсеткенде  жұғады.
Адамда аурудың  алғашқы  клиникалық  белгілері  ауру  тасымалдаушы  кене  шаққаннан  кейін  1-7  күннен кейін  біліне  бастайды,  яғни  адамның  дене  қызуы  38-40 градусқа  дейін  көтеріледі,  қалтырайды, басы  қатты  ауырып, белі, буындары, тұла  бойы  сырқырайды,  әлсіздік  пайда  болады,  іші өтіп, іші  ауырады, жүрегі айнып, құсады, денесіне майда бөртпелер шығады. Беті, денесі, көзі  қызарып, 2-5  күннен соң  қызыл иектен, мұрыннан, ішкі  ағзалардан  қан кетеді,  тамыр көгеріп,  денесі «көкала»түске  өзгереді,  яғни  халықта «көкала»  деп аталу себебі  сол.
Сұрақ: Аурудың алдын алу шаралары,қандай сақтану жолдары бар,сол жөнінде айтсаңыз?
Жауап: Аурудан сақтану үшін далалық  жерлерде  мал  жайғанда,  шөп  шапқанда, серуендеуге  шыққанда  шалбардың  балағын  шұлыққа  салып,  жоғары  жақтың  бәрін  қымтап кененің  кіріп кетпеуін  қадағалау,  әрбір 2-3 сағат  сайын  киімдерін,  дененің  ашық  жерлерін  қарап  қою қажет. Себебі кене шағар алдында адамның денесіне терінің сезімталдығын әлсірететін сұйықтық себеді, сондықтан адам  кененің  жабысқанын   байқамай  қалады. Далалық  жерден келген  соң сырт   киімді   шешіп,  кенеден тазарту керек. Егер Өзіңізді  кене шаққанын  байқасаңыз ешқандай сұйықтық майлар тамызудың қажеті жоқ, себебі  сұйықтық тамызылған соң кене тұмсығын тереңге тығып, оны шығару қиындайды. Адам денесіне жабысқан кенені ешқашанда жалаң қолмен ұстамаңыз, кенені  арнайы  қысқашпен  ұстап , қатты қыспай, шайқалтпай, жұлқымай, ақырын абайлап тарту керек,  егер қысқаш  болмаса қолғап немесе шүберекпен ұстап кенені шығару керек,    егер  тұмсығы  қалып  қойса, қысқаштың   ұшымен   алып тастап,  орнына  5 пайыздық йод немесе 70 пайыздық спирт жағу қажет, кейін міндетті түрде  дәрігерге көрінген жөн.
Өрістен келген малдардың  үстін мұқият  қарап, кене  жабысса  қысқашпен  абайлап суырып алып, арнайы ыдысқа салу керек. Алынған кенелерді  міндетті  түрде өртеп  жіберген жөн. Мал  қораларды қидан тазартып, мал қораларға, малдарға   кенелерге  қарсы  залалсыздандыру  жұмыстарын  жүргізу  керек. Малдарды  қырыққанда, сойғанда   арнайы  жұмыс  киімін,  резеңке  қолғап  киіп  жұмыс  жасаған жөн.
   Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан: О. ЖОЛДАСОВ
25 сәуір 2025 ж. 61 0