Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қырым-Конго геморрагиялық қызбасы-аса қауіпті жұқпалы ауру

Қырым-Конго геморрагиялық қызбасы-аса қауіпті жұқпалы ауру

Облыс көлемінде Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруынан қолайсыз эпидемиологиялық ахуал қалыптасып отыр. Мамыр айынан бастап облыста 9адам КҚГҚ ауруымен ауырып, 1 науқас аурудың асқынуынан қайтыс болды.
Кенелер Қырым-Конго геморрагиялық қызбасы секілді аса қауіпті жұқпалы аурудың қоздырғыштарын тасымалдап, оларды адамдарға таратушы болып табылады. Кенелер қоздырғышты өмір бойы өз денесінде сақтайды, бір аналық кене 8-10 мың жұмыртқа салып, одан өсіп-өніп шығатын кенелерге өзінің бойындағы қоздырғыштарды береді.
Ауру кене шағу арқылы, кенені жалаң қолмен алып тастап, езгенде, қой-ешкіні жалаң қолмен қырыққанда,кенелеп кеткен малды сойғанда, ауырған адамда қан кету кезінде көмек көрсеткенде жұғады.
Адамда аурудың алғашқы клиникалық белгілері ауру тасымалдаушы кене шаққаннан кейін 1-7 күннен кейін біліне бастайды, яғни адамның дене қызуы 39-40 градусқа дейін көтеріледі, қалтырайды, басы қатты ауырып, белі, буындары, тұла бойы сырқырайды, әлсіздік пайда болады, іші ауырады, денесіне майда бөртпелер шығады. Беті, денесі, көзі қызарып, 2-5 күннен соң қызыл иектен, мұрыннан, ішкі ағзалардан қан кетеді, тамыр көгеріп, денесі «көкала»түске өзгереді, яғни халықта «көкала» деп аталу себебі сол. Осы клиникалық белгілер байқалғанда дереу дәрігерге көріну қажет.
Аурудан сақтану үшін далалық жерлерде мал жайғанда, шөп шапқанда, серуендеуге шыққанда шалбардың балағын шұлыққа салып, жоғары жақтың бәрін қымтап кененің кіріп кетпеуін қадағалау, әрбір 2-3 сағат сайын киімдерін, дененің ашық жерлерін қарап қою қажет. Себебі кене шағар алдында адамның денесіне терінің сезімталдығын әлсірететін сұйықтық себеді, сондықтан адам кененің жабысқанын байқамай қалады.Далалық жерден келген соң сырт киімді шешіп, кенеден тазарту керек.Егер Өзіңізді кене шаққанын байқасаңыз ешқандай сұйықтық майлар тамызудың қажеті жоқ, себебі сұйықтық тамызылған соң кене тұмсығын тереңге тығып, оны шығару қиындайды. Адам денесіне жабысқан кенені ешқашанда жалаң қолмен ұстамаңыз, кенені арнайы қысқашпен ұстап , қатты қыспай, шайқалтпай , жұлқымай , ақырын абайлап тарту керек, егер қысқаш болмаса қолғап немесе шүберекпен ұстап кенені шығару керек, егер тұмсығы қалып қойса, қысқаштың ұшымен алып тастап, орнына 5 пайыздық йод немесе 70 пайыздық спирт жағу қажет, кейін міндетті түрде дәрігерге көрінген жөн.
Өрістен келген малдардың үстін мұқият қарап, кене жабысса қысқашпен абайлап суырып алып, арнайы ыдысқа салу керек. Алынған кенелерді міндетті түрде өртеп жіберген жөн. Мал қораларды қидан тазартып, мал қораларға, малдарға кенелерге қарсы залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу керек.Малдарды қырыққанда, сойғанда арнайы жұмыс киімін, резеңке қолғап киіп жұмыс жасаған жөн.
2024 жылға Арал ауданында Қырым-Конго геморрагиялық қызбасы ауруынан қолайсыз 14 елді мекен есепке алынған, облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға оларда 13-ші тамыздан бастап мал қораларға, малдарға кенелерге қарсы күзгі залалсыздапндыру жұмыстары жүргізілуде.Кенелерге қарсы өңдеу жұмыстары сапалы болуы үшін мал қоралар сақтардан, қи-көңдерден толық механикалық тазалаудан өтуге тиіс, бұл жұмыстар мал иелерінің өз күштерімен жасалады, сондықтан әрбір қожалық иесі өз мал қорасын, ауласын тазалап, аурудың алдын алу шараларына атсалысқаны жөн.
«Сақтансаң, сақтармын» деген қағиданы ұмытпай, Қырым-Конго геморрагиялық қызбасы ауруынан сақтанайық, ағайын!
А. БАЛШАМБАЕВА,
Арал аудандық санитариялық-
эпидемиологиялық бақылау
басқармасы басшысының м.а.


Сурет: ​tolqyn.kz​​​
16 тамыз 2024 ж. 164 0