Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қырым-Конго геморрагиялық қызбасы ауруынан сақтаныңыз

Қырым-Конго геморрагиялық қызбасы ауруынан сақтаныңыз

Республика,облыс көлемінде Қырым-Конго геморрагиялық қызбасы ауруынан күрделі эпидемиологиялық жағдай қалыптасып отыр, 2022 жылы республика бойынша 41 адам ауырып, 11 адам аурудың асқынуынан қайтыс болды, оның ішінде Қызылорда облысында 20 адам ауырып, 6 адам қайтыс болды. 2023 жылы республика бойынша 38 адам ауырып, 7 адам аурудың асқынуынан қайтыс болды, оның ішінде Қызылорда облысында 13 адам ауырып, 3 адам қайтыс болды.
Кенелер Қырым-Конго геморрагиялық қызбасы секілді аса қауіпті жұқпалы аурулардың қоздырғыштарын тасымалдап, оларды адамдарға таратушы болып табылады. Кенелер қоздырғышты өмір бойы өз денесінде сақтайды, оларды жұмыртқасы арқылы өз ұрпағына таратады, яғни бір аналық кене 8-10 мың жұмыртқа салып, одан өсіп-өніп шығатын кенелерге өзінің бойындағы қоздырғыштарды таратады.
Ауру кене шағу арқылы, кенені жалаң қолмен алып тастап, езгенде, қой-ешкіні жалаң қолмен қырыққанда, қанында ауру қоздырғыштары бар малдарды жалаң қолмен сойғанда, малдарға күтім жасағанда арнайы жұмыс киімдерін кимегенде, ауырған адамдардың мұрнынан, басқа ағзаларынан қан кету кезінде, адам құсқанда туыстары көмек көрсетіп, ауру адамға күтім жасағанда ауру жұғады.
Аурудың жасырын өту мерзімі 1-14 күн аралығында, адамда аурудың алғашқы клиникалық белгілері ауру тасымалдаушы кене шаққаннан кейін 1-7 күннен кейін біліне бастайды, яғни адамның дене қызуы 38-40 градусқа дейін көтеріледі, қалтырайды, басы қатты ауырып, белі, буындары, тұла бойы сырқырайды, әлсіздік пайда болады, жүрек айну, құсу, іші ауырады, іші өтуі мүмкін, қан тамырлары көгеріп, денесі «көкала»түске өзгереді, яғни халықта «көкала» деп аталу себебі сол. Беті, денесі, көзі қызарып, денесіне майда бөртпелер шығады, кейін ауру асқына келе тістердің түбінен, мұрыннан, ішкі ағзалардан қан кетеді. Осы клиникалық белгілер байқалғанда өлім жағдайын болдырмау үшін дереу дәрігерге көрініп, емдеуді мүмкіндігінше ерте бастау қажет. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының клиникалық белгілері өте ауыр түрде өтеді, ұзақ емделуді қажет етеді, өлім көрсеткіші өте жоғары.
Аурудан сақтану үшін далалық жерлерде мал жайғанда, шөп шапқанда, серуендеуге шыққанда шалбардың балағын шұлыққа салып, жоғары жақтың бәрін қымтап, кененің кіріп кетпеуін қадағалау, әрбір 2-3 сағат сайын киімдерін, дененің ашық жерлерін қарап қою қажет. Себебі кене шағар алдында адамның денесіне терінің сезімталдығын әлсірететін сұйықтық себеді, сондықтан адам кененің жабысқанын байқамай қалады.Далалық жерге шыққанда кенені үркітетін арнайы дәрілерді киім сыртынан сеуіп алуға да болады.Далалық жерден келген соң сырт киімді шешіп, кенеден тазарту керек.
Егер өзіңізді кене шаққанын байқасаңыз, кенені жалаң қолмен ұстап, езіп алсаңыз, мал қырыққанда кененің денесіндегі сұйықтықтар денеңіздің ашық жерлеріне шашыраса міндетті түрде дәрігерге көріну қажет, 14 күн медициналық бақылауда боласыз, себебі ауру белгілері бірден байқалмауы мүмкін. Егер медициналық мекеме алыс болса кенені денеден шығару үшін ешқандай сұйықтық майлар тамызудың қажеті жоқ, себебі соңғы ғылыми деректерге сәйкес сұйықтық майлар тамызылған соң кене тұмсығын тереңге тығып, оны шығару қиындайды. Адам денесіне жабысқан кенені ешқашанда жалаң қолмен ұстамаңыз, кенені арнайы қысқашпен ұстап, қатты қыспай, шайқалтпай, жұлқымай, ақырын абайлап тарту керек, егер қысқаш болмаса қолғап немесе шүберекпен ұстап кенені шығару керек, егер тұмсығы қалып қойса, қысқаштың ұшымен алып тастап, орнына 5 пайыздық йод немесе 70 пайыздық спирт жағу қажет, кейін міндетті түрде дәрігерге көрінген жөн. Ешқашанда кенені жалаң қолмен ұстамаңыз.
Өрістен келген малдардың денесін мұқият қарап, кене жабысса қысқашпен абайлап суырып алып, арнайы ыдысқа салып, өртеп жіберген дұрыс. Мал қораларды қидан тазартып, арнайы ветеринарлық қызметпен келісім-шарт жасасып мал қораларға, малдарға кенелерге қарсы залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу керек. Малдарды кене, сона сынды зиянды жәндіктерге қарсы арнайы вакциналарды ектірген жөн. Малдарды қырыққанда, сойғанда арнайы жұмыс киімін, резеңке қолғап киіп, сақтық шараларын сақтаған жөн.
2024 жылға Арал ауданында Қырым-Конго геморрагиялық қызбасы ауруынан қолайсыз 14 елді мекен есепке алынған, оларда мамыр айының үшінші онкүндігінен бастап мал қораларды, малдарды кенелерге қарсы өңдеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Кенелерге қарсы өңдеу жұмыстары сапалы болуы үшін мал қоралар қыстан қалған сақтардан, қи-көңдерден толық механикалық тазалаудан өтуге тиіс, бұл жұмыстар мал иелерінің өз күштерімен жасалады, сондықтан әрбір қожалық иесі өз мал қорасын, ауласын тазалап, аурудың алдын алу шараларына атсалысқаны жөн.
Қырым-Конго геморрагиялық қызбасы – аса қауіпті жұқпалы ауру, сондықтан аурудан сақтану шараларына мұқият болып, өзіміздің және балаларымыздың денсаулығына жауапкершілікпен қарайық, ағайын!
А.САТЕКЕЕВА,
Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық
бақылаубасқармасының басшысы
25 сәуір 2024 ж. 336 0