Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруынан сақтаныңыз!

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруынан сақтаныңыз!

Кенелер Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы, кене энцефалиті секілді аса қауіпті жұқпалы аурулардың қоздырғыштарын тасымалдап, оларды адамдарға таратушы болып табылады. Кенелер қоздырғышты өмір бойы өз денесінде сақтайды, оларды жұмыртқасы арқылы өз ұрпағына таратады, яғни бір аналық кене 8-10 мың жұмыртқа салып, одан өсіп-өніп шығатын кенелерге өзінің бойындағы қоздырғыштарды таратады.
Ауру кене шағу арқылы, кенені жалаң қолмен алып тастап, езгенде, қой-ешкіні жалаң қолмен қырыққанда, қанында ауру қоздырғыштары бар малдарды жалаң қолмен сойғанда, малдарға күтім жасағанда арнайы жұмыс киімдерін кимегенде, ауырған адамдардың мұрнынан, басқа ағзаларынан қан кету кезінде туыстары көмек көрсетіп, ауру адамға күтім жасағанда жұғады.
Адамда аурудың алғашқы клиникалық белгілері ауру тасымалдаушы кене шаққаннан кейін 2-7 күннен кейін біліне бастайды, яғни адамның дене қызуы 39-40 градусқа дейін көтеріледі, қалтырайды, басы қатты ауырып, белі, буындары, тұла бойы сырқырайды, әлсіздік пайда болады, іші ауырады. Беті, денесі, көзі қызарып, 2-5 күннен соң тістердің түбінен, мұрыннан, ішкі ағзалардан қан кетеді, қан тамырлары көгеріп, денесі «көкала»түске өзгереді, яғни халықта «көкала» деп аталу себебі сол. Осы клиникалық белгілер байқалғанда өлім жағдайын болдырмау үшін дереу дәрігерге көрініп, емдеуді мүмкіндігінше ерте бастау қажет.
Аурудан сақтану үшін далалық жерлерде мал жайғанда, шөп шапқанда, серуендеуге шыққанда шалбардың балағын шұлыққа салып, жоғары жақтың бәрін қымтап кененің кіріп кетпеуін қадағалау, әрбір 2-3 сағат сайын киімдерін, дененің ашық жерлерін қарап қою қажет. Себебі кене шағар алдында адамның денесіне терінің сезімталдығын әлсірететін сұйықтық себеді, сондықтан адам кененің денесіне жабысқанын байқамай қалады. Далалық жерден келген соң сырт киімді шешіп, кенеден тазарту керек.
Егер Өзіңізді кене шаққанын байқасаңыз міндетті түрде дәрігерге көріну қажет. Медициналық мекеме алыс болса кенені денеден шығару үшін ешқандай сұйықтық майлар тамызудың қажеті жоқ, себебі соңғы ғылыми деректерге сәйкес сұйықтық майлар тамызылған соң кене тұмсығын тереңге тығып, оны шығару қиындайды. Адам денесіне жабысқан кенені арнайы қысқашпен суырып алу керек, егер тұмсығы қалып қойса, стерильді бір мәртелік шприцтің инесімен алып тастап, орнына 5 пайыздық йод жағу қажет, кейін дәрігерге көрінген жөн. Ешқашанда кенені жалаң қолмен ұстамаңыз.
Өрістен келген малдардың үстін мұқият қарап, кене жабысса қысқашпен абайлап суырып алып, арнайы ыдысқа салып, өртеп жіберген дұрыс. Мал қораларды қидан тазартып, мал қораларға, малдарға кенелерге қарсы залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу керек. Малдарды қырыққанда, сойғанда арнайы жұмыс киімін, резеңке қолғап киіп, сақтық шараларын сақтаған жөн.
А. САТЕКЕЕВА,
Арал аудандық СЭБ басқарма басшысы













18 сәуір 2023 ж. 439 0