Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қырым-Конго геморрагиялық қызбасы - аса қауіпті жұқпалы ауру

Қырым-Конго геморрагиялық қызбасы - аса қауіпті жұқпалы ауру

Көктем - жаз айларында күннің ысуына байланысты кене секілді зиянды жәндіктердің белсенділігі артады. Кенелер Қырым-Конго геморрагиялық қызбасы, кене энцефалиті секілді аса қауіпті жұқпалы аурулардың қоздырғыштарын тасымалдап, оларды адамдарға таратушы болып табылады. Кенелер қоздырғышты өмір бойы өз денесінде сақтайды, оларды жұмыртқасы арқылы өз ұрпағына таратады, яғни бір аналық кене 8-10 мың жұмыртқа салып, одан өсіп-өніп шығатын кенелерге өзінің бойындағы қоздырғыштарды таратады.
Адамда аурудың алғашқы клиникалық белгілері ауру тасымалдаушы кене шаққаннан кейін 2-7 күннен кейін біліне бастайды, яғни адамның дене қызуы 39-40 градусқа дейін көтеріледі, қалтырайды, басы қатты ауырып, белі, буындары, тұла бойы сырқырайды, әлсіздік пайда болады, іші ауырады.Беті, денесі, көзі қызарып, 2-5 күннен соң мұрыннан, ішкі ағзалардан қан кетеді, тамыр көгеріп, денесі «көкала»түске өзгереді, яғни халықта «көкала» деп аталу себебі сол. Осы клиникалық белгілер байқалғанда дереу дәрігерге көріну қажет.
Ауру кене шағу арқылы, кенені жалаң қолмен алып тастап, езгенде, қой-ешкіні жалаң қолмен қырыққанда, ауырған адамдарға туыстары көмек көрсетіп, ауру адамға күтім жасағанда жұғады.
Аурудан сақтану үшін далалық жерлерде мал жайғанда, шөп шапқанда, серуендеуге шыққанда шалбардың балағын шұлыққа салып, жоғары жақтың бәрін қымтап кененің кіріп кетпеуін қадағалау, әрбір 2-3 сағат сайын киімдерін, дененің ашық жерлерін қарап қою қажет. Себебі кене шағар алдында адамның денесіне терінің сезімталдығын әлсірететін сұйықтық себеді, сондықтан адам кененің жабысқанын байқамай қалады.
Далалық жерден келген соң сырт киімді шешіп, кенеден тазарту керек.
Егер Өзіңізді кене шаққанын байқасаңыз ешқандай сұйықтық майлар тамызудың қажеті жоқ, себебі сұйықтық тамызылған соң кене тұмсығын тереңге тығып, оны шығару қиындайды. Адам денесіне жабысқан кенені арнайы қысқашпен немесе жіп орап қозғай отырып, суырып алу керек, егер тұмсығы қалып қойса, инені шырпымен күйдіріп тікен суырғандай алып тастау керек, орнына йод жағу қажет. Міндетті түрде дәрігерге көріну қажет.
Өрістен келген малдардың үстін мұқият қарап, кене жабысса қысқашпен абайлап суырып алу керек. Алынған кенелерді міндетті түрде өртеп жіберу керек. Мал қораларды қидан тазарту керек, мал қораларды, малдарды кенелерге қарсы залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу керек. Малдарды қырыққанда арнайы жұмыс киімін, резеңке қолғап киіп жұмыс жасау керек.
2023 жылға Арал ауданында Қырым- Конго геморрагиялық қызбасы ауруынан қолайсыз 18 елді мекен есепке алынған, оларда мамыр айынан бастап мал қораларды, малдарды кенелерге қарсы өңдеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Кенелерге қарсы өңдеу жұмыстары сапалы болуы үшін мал қоралар қыстан қалған сақтардан, қи-көңдерден толық механикалық тазалаудан өтуге тиіс, бұл жұмыстар мал иелерінің өз күштерімен жасалады, сондықтан әрбір қожалық иесі өз мал қорасын, ауласын тазалап , аурудың алдын алу шараларына атсалысқаны жөн.
«Сақтансаң, сақтармын» деген қағиданы ұмытпай, Қырым- Конго геморрагиялық қызбасы ауруынан сақтанайық, ағайын!
А. САТЕКЕЕВА,
Арал аудандық санитариялық-
эпидемиологиялық бақылау
басқармасының басшысы
12 сәуір 2023 ж. 646 0