Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Оба ауруынан сақтану жолдары қандай?

Оба ауруынан сақтану жолдары қандай?

Оба ауруы – аса қауіпті карантинді жұқпалы аурулар қатарына жатады. Оба  ауруының   тарату  көзі  – дала  кеміргіштері (балпақ,  дәусемен,  құм тышқан, саршұнақ, суыр, сұр тышқан. т.б) қояндар,  түлкі, үй  тышқандары, үй  жануарлары (түйе, ит, мысық) болып табылады.
Оба  ауруы  бүргелер  шағу  арқылы, кенелерді  жалаң  қолмен  езгенде, обамен ауырған малдарды, жабайы жануарлар мен дала тышқандарын  сойғанда, терісін сыпырғанда, обамен ауырған адамның пайдаланған   заттарын ұстағанда қарым-қатынас арқылы, обамен ауырған адамның  науқасы асқынып, өкпелік түріне өткенде  ауа  арқылы  да  жұғады, ауырған  малдың  етін, сүтін  асқа  пайдаланғанда  жұғады.
Оба  ауруы жұққан соң   жасырын  өту мерзімі 2-3 сағаттан  6  тәулікке  дейін  созылады. Ауру кенеттен басталып, дене қызуы 38-40градусқа  дейін  көтеріледі, науқастың  халі  нашарлап, күрт  әлсірейді, басы қатты ауырып, басы  айналады, қалтырайды, іші қызады, ауру  сандырақтап, қорқыныш пайда болады, көзі қарауытып, аз уақыт есінен тануы  мүмкін,  ұйқысы  бұзылады, шөлдейді,  жүрегі  айнып, құсады, жөтел пайда  болуы  мүмкін,  оба  қоздырғышы   бүрге  шаққан  немесе  қан арқылы  ағзаға  түскен  кезде  ол жақын орналасқан  бездері шошиды, сол арада «бітеу  жара» пайда  болып, ол жер  қол тигізбей  ауырады.
Оба   ауруының  алдын алу  және  сақтану  үшін  табиғи ошақта  обаға    қарсы егілу, далалық жерлерде тышқандардың ініне жоламау, тышқан  ауламау, соймау, жеке бас гигиенасын қатаң сақтау, қолды сабындап  жуу,  далалық жерде жан-жағы қымталған киім кию, аяқ киіммен жүру қажет.  Үйде  бүрге, тышқанның  болмауын  қадағалау, егер  пайда  болса  тез арада   тиісті мекемелермен келісім-шарт жасасып, жойғызу, 15 наурыз бен  15 қараша аралығында түйе малын соймау, себебі түйелерде оба  ауруының  белгілері  ұзақ  уақытқа  дейін білінбей өтеді, сондықтан  ауру  түйені сойып, адамдар ауырып қалуы мүмкін. Малдардың үстіндегі  кенелерді арнайы  қысқашпен алып, алынған кенелерді арнайы ыдысқа салып өртеп  жіберу, малдарға  кене,  бүрге  секілді  зиянды  жәндіктерге  қарсы  залалсыздандыру  жұмыстарын жүргізу, түйелерді обаға қарсы ектіру, үйдегі  ит-мысықтардың бүргелеп кетпеуін қадағалау, балалардың олармен  ойнауын  шектеу, күдікті  тағамдарды  асқа  пайдаланбау керек.
А. БАЛШАМБАЕВА,
Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының  басшысының уақытша міндетін атқарушы
        
03 тамыз 2022 ж. 1 813 0