Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Құтырма ауруынан сақтаныңыз!

Құтырма ауруынан сақтаныңыз!

Құтырма –  табиғи ошақтық аса қауіпті жұқпалы ауру. 2013-2014 жылдары ауданда адамдар арасында  екі құтырма ауруы тіркеліп, екеуі де  қайтыс болды. Ауданда  2019 жылы –  226 адам, 2020 жылы – 168 адам, 2021 жылы 162 адам  түрлі жануарлардан жарақат алып, медициналық көмекке жүгінген.
Құтырма ауруының қоздырғышы табиғатта жабайы жануарлар арасында айналыста болады. Құтырмамен ауыратын хайуандардың ішінде қасқыр, түлкі, ит, мысықтарды ерекше атап өтуге болады, сонымен қатар жарқанаттар, қояндар, жабайы шошқалар да ауырады, үй жануарлары  (сиыр, қой, ешкі, жылқы, түйе) құтырмамен ауырған  жабайы  хайуандар мен ит-мысықтардың  жарақаттауынан соң ауру жұқтырады. Құтыруға шалдыққан хайуан  тынышсызданып, аласұрып, бірде  қимылсыз сұлық жатады. Құтырған иттер үрмейді, ырылдамайды, дыбыссыз  шабуыл жасайды, кез келген затты тістейді, шайнайды. Құтырған түлкі ызаланбайды, өшікпейді, тіпті еркелеп қолға келеді. Мысықтар құтырудың аласұрған түрімен  ауырады, сондықтан  қыбырлаған нәрсеге шабуыл жасап, тырнайды және тістейді.
      Хайуандар сілекейіндегі  қоздырғыштар адамды сілекейлегендегі, қапқандағы, тістегендегі  пайда болатын жара арқылы нерв жүйелеріне өтеді. Қоздырғыштың адам ағзасына еніп, клиникалық көріністер беруі  8-10 күннен 40 күнге дейін, сирек жағдайларда 3 айдан 1 жылға дейін созылуы мүмкін. Құтырмаға шалдыққан адам алғашқыда  судан, судың сылдырынан , жарықтан және басқа да дыбыстардан шошынады. Құтырмаға тән  сыртқы белгілері науқас ерекше жұлынып құтырады, қимылы күшейеді, жұтқыншақта  және  бұлшық еттерде  діріл, құрысу  пайда болады, кейін ағзаның жұмыс қабілетінің нашарлау себептерінен науқас қайтыс болады.
       Кез келген аудан  тұрғыны түрлі жануарлар сілекейлеген, жарақаттаған  жағдайда жарақатты сабынды сумен 10-15 минут жақсылап жуып, міндетті түрде дәрігерге көрінуі қажет. Дәрігер  тағайындаған құтырмаға қарсы егу шараларын  кестеге сәйкес мерзімді уақытында үзбей алуға тиіс. Жеке қожалықтағы ит-мысықтарды, малдарды  құтырмаға қарсы ектіру қажет, оларға мал дәрігерлік құжат алынуы керек. Иттерді  аулада байлап ұстап, көшеге  қарғыбау байлап, тұмсыққап кигізіп алып шығу  шарт, сонда ғана өзіңіздің де,  айналадағы адамдардың да  қауіпсіздігін қамтамасыз ете аласыз.
2022 жылы 1 наурызда күшіне енген Қазақстан Республикасының  2021 жылғы 30 желтоқсандағы №97 «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңына сәйкес ауданда жануарларды уақытша ұстау пункті ашылуға тиіс, ол пунктке табылған, ауланған қараусыз қалған және қаңғыбас жануарлар, сондай-ақ жеке немесе заңды тұлғалардан алып қойылған немесе тәркіленген жануарлар апарылады. Сондықтан әрбір тұрғынға өз иелігіндегі жануарларға жауапкершілікпен қарауды сұраймыз.
А. САТЕКЕЕВА,
Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау  басқармасының басшысы                                           
06 сәуір 2022 ж. 615 0