Жабайы жануарларға жем-шөп шашылды

«Барсакелмес» мемлекеттік табиғи қорығының жабайы жануарлар су ішетін негізгі суаты Қасқақұлан учаскесінде орналасқан. Бұл жерде үш бұлақтың көзі бар. Осы бұлақ бастарында әрқайсысына 1,5-2 қаптан жем салатын астаулар орналасқан. Әр 10-15 күн сайын қызметкерлер осы астауларға жем салып отырады. Осы мерзім ішінде астаудағы жем таусылғанын байқаймыз. Себебі күннің суықтығы, қардың қалыңдығы жабайы жануарларға тамақтануға қиындық тудырады. Астау маңынан құлан, қарақұйрық, қоян, түлкі және қабандардың іздері көптеп байқалады. Сонымен бірге осы суат бастарында орналасқан бейне-қақпандардағы (фото, видеоловушка) бейнебаяндарда аталған жануарлардың келіп тұруы анықталды.
Сол сияқты қорықтың Ұзынқайыр, Аққоян маңайларында кіріп-шыққан аңдардың да жолдарына жем шашылып, бақылау жасалып отырады. Сонымен қатар қатты қыс айларында су көздерін ашу мақсатында мұз ою, суат басындағы қалың қарларды аршып, жол салу жұмыстары да атқарылады. Бұл биотехникалық шаралар жоспарға сәйкес наурыз айының ортасына дейін жүргізіледі.
«Барсакелмес» мемлекеттік табиғи қорығының негізгі мақсаты – қорық аумағында мекендейтін «Қызыл кітапқа» енген және басқа да жануарларды қыстан аман шығуға ықпал жасау. Бұл – біздің ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы заңда қаралған негізгі міндеттемелеріміздің бірі.
Н. Әбдірахманов,
«Барсакелмес» мемлекеттік табиғи қорығының мемлекеттік инспекторы