Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қорық туризмді дамытуға қолайлы

Қорық туризмді дамытуға қолайлы


Қазіргі таңда экологиялық туризм және оны қарқынды дамыту мәселелері–еліміздің ерекше қорғалатын табиғи аумақтарының алдындағы басты мәселелерінің бірі. Экологиялық туризмді дамыту мәселелерін қарастыру үшін ең бірінші  туризм түсінігіне тоқталып өтуіміз керек. Жалпы «туризм» дегеніміз не? «Туризм» деген сөзді естігенде, ең алдымен ойымызға «саяхат» деген ұғым келетіні рас. Расымен де «туризм» дегеніміз – саяхат, демалу, емдік-сауықтыру, ғылыми ағарту,  және т.б. көптеген ұғымдар береді. Туризмнің өзі өз кезегінде бірнеше салаларға бөлінеді. Олар спорттық, емдік-сауықтыру, экологиялық туризм, экономикалық туризм, әлеуметтік туризм, рекреациялық, тағы басқалары жатады.
Туған жеріміздің, туған еліміздің таби­ға­тын, табиғи құндылықтарын біліп үйрену бала жастан басталады. Туған жерге деген әрбір адамның сүйіспеншілігін бала күннен, мектеп жасынан бастап, мектеп пәндерінің қатарына туризм сабағын қосып, жастарға осы тұрғыда көптеген мәлімет, туған өлкенің табиғи құндылықтарын мектеп сабақтарынан алып, терең білімге құнығып өссе, нұр үстіне нұр болары анық. Білім алып өскен жастар болашақта осы салада саналы түрде жұмыс атқарады деп ойлаймын.
«Барсакелмес» мемлекеттік табиғи қоры­ғының аумағында экологиялық туризмді жүргізуге мүмкіндік бар, ол көптеген  ғы­лыми зерттеу мәселелерін шешуге көмек­теседі, сондай-ақ экологиялық туризмнің ғылыми және танымдық түрлерін да­мы­туға бағытталған.Қазіргі таңда «Бар­сакелмес» мемлекеттік табиғи қорығында «Бута­ков мүйісі» атты  туристік маршрут ұйымдастырылған. «Бутаков мүйісі» турис­тік маршруты оқу ағарту соқпағы болып табылады. Маршрут тек топпен жүргізіледі. Маршрут  Батыс Кебірсай баурайынан бас­талып, жусанды даламен және бұйырғындар арқылы  «Бутаков мүйісінде» орналасқан  Бутаков  экспедициясына дейін жалғасады. Бұл жағалаудан Үлкен Арал теңізін көруге болады және шөлді далада кездесетін өсім­діктерді  (бұйырғын, жусан, т.б.) кездестіруге болады.  Маршрут тобы 5-6 адамды және жол ұзақтығы 2 шақырымды құрайды.
Сондай-ақ, «Қасқақұлан» учаскесінде жа­­ңадан «Құлан ізімен» атты экологиялық маршрут құрастырылуда.
Бұл экологиялық маршруттарды да­мыту арқылы қол жеткізетін нәтижелер: эко­логиялық туризмді дамыту арқылы «Бар­са­келмес» мемлекеттік табиғи қорығына жақын орналасқан елді мекендердегі тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту және олардың арасында қорық режимін бұзбау туралы жақсы көзқарас қалыптастыру. Мекеме мамандарының кәсіби біліктілігін арттыру, қорықтың экологиялық туризмді дамытуға қажетті инфрақұрылымды жақсартуға қол жеткізу, Арал өңірінің табиғаты мен эко­жүйелерін, тарихи-мәдени ескерткіштерін отандық және алыс-жақын шетелдік турис­терге кең көлемде танымал ету. Сондай-ақ қонақ үйлер, ұлттық нақыштағы кәдесыйлар жасау шаруашылығын жандандыру.
Қорыта келе, алдағы уақытта Арал өңірінің жандануын, сонымен қатар тек қана бүкіл Қазақстанға емес, барша елге танылатындай ету жолында біз, жастар тынбай еңбек жасап, түрлі жобаларды қолға алып, жүзеге асыруымыз керек.
Х. Қаниев,
«Барсакелмес МТҚ» ғылым, ақпарат, мониторинг, экологиялық ағарту және экотуризм бөлімінің
басшысы
18 маусым 2019 ж. 1 435 0