Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Барсакелмес» табиғи қорығына – 80 жыл

«Барсакелмес» табиғи қорығына – 80 жыл

       
Тәуелсіздік алған жылдан бастап елімізде табиғатқа ерекше көңіл аударыла бастады. Алыс-жақын шет елдердің тәжірибесін пайдалана отырып, еліміздегі «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар» түрлері көбейді. Ұлттық табиғи парктер мен мемлекеттік табиғи резерваттар түсінігі енгізіле бастады. Қазіргі таңда Қазақстан жерінде 10 қорық жұмыс істейді. Соның бірі – Арал ауданында орналасқан «Барсакелмес» мемлекеттік табиғи қорығы. Биыл аталған қорықтың құрылғанына 80 жыл толып отыр. Осыған орай  ауданда кең көлемде «Шөлейттенуге қарсы күрес және тозған жерлерді қалпына келтіру» тақырыбында халықаралық семинар өтті.

         Шөлейттенуге қарсы күресті және тозған жерлерді қалпына келтіру бағытында халықаралық ынтымақтастық орнату әрі өзара тәжірибе алмасу мақсатында өткен семинарға  Корея, Өзбекстан, Түрікменстан және Моңғолия республикаларының арнайы өкілдері, табиғатты қорғау бағытындағы халықаралық ұйымдар және еліміздегі мемлекеттік мекеме өкілдері, табиғатты қорғау бағытында еңбек етіп жүрген ғалымдар мен  БАҚ өкілдері қатысты.
         Семинарда пленарлық отырыс модераторы әрі Арал теңізінің құрғаған түбін фитомелиорациялау жобасының менеджері Қайрат Өзтеміров халықаралық семинардың мақсаты мен жоспарын түсіндіріп өтті. Сөз кезегін семинар қатысушылары жалғап, жалпы шөлді аймақтар бойынша атқарылған жобалар мен тозған жерлерді қалпына келтіру бағытында атқарылған жұмыстарды баяндады. Сонымен бірге осы жұмыстарды әрі қарай дамыту жолындағы пайым-пікірлері мен жобаларын ортаға салды.
         Алғаш болып сөз алған  Қызылорда облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бауыржан Шамено, «Барсакелмес» аралының тарихына тоқталды. 
         – «Барсакелмес» мемлекеттік табиғи қорығы өз тарихында талай жетістік пен қиындықты басынан өткізді. ХХ ғасырдың 20-жылдарының соңында аралдағы ақбөкендердің санын арттыру мақсатында ақбөкендер әкелініп жіберілді. Қазақ ССР Халық комиссарлар кеңесінің 1939 жылғы Қаулысымен осы құрылым негізінде мемлекеттік табиғи қорығы құрылды, яғни «Барсакелмес аралы» ерекше қорғалатын табиғи аумақ дәрежесіне ие болды. Сол жылдары аралдың жалпы көлемі 16795 гектар жерді құрады. Атқарылған жұмыстар нәтижесінде Барсакелмес аралы бұл күні өзінің әсемдігі мен құндылығын сақтап қалды, – деген ол семинарға қатысушы  қоршаған орта жанашырлары жұмысына сәттілік тіледі.
         Сонымен қатар соңғы 10 жыл аралығында Арал ауданы аумағында фитомелиоративтік, механикалық және жабық тамырлы жүйе әдісі бойынша 36 гектар жерге сексеуіл көшеттері егілген.
         Семинарда «Халықаралық Аралды құтқару қорының» директоры Болат Бекназаров сөз алып, Арал өңірі аумағындағы бірлескен жобалар туралы:
         – Ең алдымен сексеуіл отырғызу жұмысы «Барсакелмес» қорығы мекемесінің ауласында және Аралқұм, Қаратерең елді мекендері мен Арал теңізінің ұлтанында экспериментальды негізде жүргізілді. Бұған қоса жуық арада осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыру үшін Корея елі кең көлемді кепкен теңіз табанын ормандандыру мақсатында 10 мың гектарға жуық алқапқа қаржы бөлуді көздеп отыр. Бұл бізге өз тиімділігін беретін болады, – деді.
         Тіршілік көздерін сақтап және оны молайтумен бірге, оған тұрақты мониторингтік бақылау жасау, жыл сайын жануарлар мен өсімдіктер әлемін санақтан өткізу осы қорықтың басты міндетіне айналып отыр. Семинар барысында осындай басты мәселеге көңіл бөлініп, халықаралық деңгейде шешімін табу көзделді.
         Шара барысында «Барсакелмес» мемлекеттік табиғи қорығының директоры Зәуреш Жансұлтанқызы және қорық қызметкерлері нәтижелі жұмыстары үшін ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мақтау қағазы мен бағалы сыйлықтарына ие болды.
         Ақтоты Шынықұл
22 қараша 2019 ж. 2 384 0