Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «БАРСАКЕЛМЕС» ТАБИҒИ ҚОРЫҒЫНА 80 ЖЫЛ

«БАРСАКЕЛМЕС» ТАБИҒИ ҚОРЫҒЫНА 80 ЖЫЛ

Қазіргі таңда Қазақстан жерінде 10 қорық жұмыс жасайды. Соның бірі де бірегейі, Арал ауданындағы шөлейтті аумақта орналасқан – «Барсакелмес» қорығы.
Биыл «Барсакелмес» мемлекеттік табиғи қорығының құрылғанына 80 жыл толып отыр. Осы орайда, бүгін Арал ауданында «Барсакелмес» қорығының 80 жылдығына арналған халықаралық «Шөлейттенуге қарсы күрес және тозған жерлерді қалпына келтіру» тақырыбында семинар өткізілді.
Семинардың басты мақсаты – шөлейттенуге қарсы күресті және тозған жерлерді қалпына келтіру бағытында халықаралық ынтымақтастық орнату әрі өзара тәжірибе алмасу болып табылады.
Халықаралық деңгейде ұйымдастырылған семинарға Корея, Өзбекстан және Моңғолия республикаларының арнай өкілдері және табиғатты қорғау бағытындағы халықаралық ұйымдар мен еліміздегі мемлекеттік мекеме өкілдері, табиғатты қоғау бағытында еңбек етіп жүрген ғалымдар мен ардагерлер, БАҚ өкілдері қатысты.
Аудандық мәдениет үйінде өткен семинарды Қызылорда облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бауыржан Шаменов ашып берді. Одан әрі, пленарлық отырыс модераторы әрі Арал теңізінің құрғаған түбін фитомелиорациялау жобасының менеджері Қ.Өзтеміров халықаралық семинардың мақсаты мен жоспарын түсіндіріп өтті. Келесі сөз кезегін семинар қатысушылары жалғап, жалпы шөлді аймақтар бойынша атқарылған жобалар мен тозған жерлерді қалпына келтіру бағытында атқарылған жұмыстарды баяндап, осы жұмыстарды дамыта түсу жолындағы пайым-пікірлері мен жобаларын ортаға салды.
Айта кету керек, соңғы 10 жыл аралығында Арал ауданы аумағында фитомелиоративтік, механикалық және жабық тамырлы жүйе әдісі бойынша 36 гектар жерге сексеуіл көшеттері егілген. Аталған жұмыстар неігізінен Арал қаласындағы «Барсакелмес» қорығы мекемесінің ауласында және Аралқұм, Қаратерең елді мекендері мен Арал теңізінің ұлтанында эксперименталды негізде жүргізілген. Бұған қоса жуық арада осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыру үшін Корея елі кең көлемді кепкен теңіз табанын ормандандыру мақсатында 10 мың гектарға жуық алқапқа қаржы бөлуді көздеп отыр.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі
22 қараша 2019 ж. 1 249 0