Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы - аса қауіпті жұқпалы ауру

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы - аса қауіпті жұқпалы ауру

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруын кенелер тасымалдайды, кенелер өрістен  малдарға жабысып  мал қораларға, елді мекендерге әкелінуде. Ауру  кене  шағу  арқылы, кенені  жалаң  қолмен  алып тастап,  езгенде,  қой-ешкіні  жалаң қолмен  қырыққанда, ауырған адамдарға  туыстары  көмек  көрсетіп, күтім жасағанда  жұғады.
Адамда аурудың  алғашқы  клиникалық  белгілері  ауру  тасымалдаушы  кене  шаққаннан  кейін  2-14  күннен кейін  біліне  бастайды,  яғни  адамның  дене  қызуы  39-40 градусқа  дейін  көтеріледі,  қалтырайды, басы  қатты  ауырып, белі, буындары, тұла  бойы  сырқырайды,  әлсіздік  пайда  болады,  іші  ауырады, беті, денесі, көзі  қызарып,қан тамырлар көгеріп,  2-5  күннен соң  мұрыннан, ішкі  ағзалардан  қан кетеді. Осы  клиникалық белгілер байқалғанда  дереу  дәрігерге  көріну  қажет.
Аурудан сақтану үшін далалық  жерлерде  мал  жайғанда,  шөп  шапқанда, серуендеуге  шыққанда  шалбардың  балағын  шұлыққа  салып,  жоғары  жақтың  бәрін  қымтап кененің  кіріп кетпеуін  қадағалап,  әрбір 2-3 сағат  сайын  киімдерін,  дененің  ашық  жерлерін  қарап  қою қажет. Себебі кене шағар алдында адамның денесіне терінің сезімталдығын әлсірететін сұйықтық себеді, сондықтан адам кененің  жабысқанын   байқамай  қалады.
Далалық  жерден келген  соң сырт   киімді   шешіп,  кенеден тазарту керек.
Егер Өзіңізді  кене шаққанын  байқасаңыз ешқандай сұйықтық майлар тамызудың қажеті жоқ, себебі  сұйықтық тамызылған соң кене тұмсығын тереңге тығып, оны шығару қиындайды,кенені қысқашпен жұлқыламай,езбей алып тастап, орнын йодпен немесе спиртпен өңдеу керек. Міндетті  түрде дәрігерге  көріну қажет.
Малдарды  қырыққанда  арнайы  жұмыс  киімін,  резеңке  қолғап  киіп  жұмыс  жасау  керек. Өрістен келген малдардың  үстін мұқият  қарап, кене  жабысса  қысқашпен абайлап суырып алу  керек. Алынған кенелерді  міндетті  түрде   өртеп  жіберу  керек. Мал  қораларды қидан тазарту керек, мал қораларға, малдарға   кенелерге  қарсы  залалсыздандыру  жұмыстарын  жүргізу  керек.
Арал ауданында Конго-Қырым  геморрагиялық  қызбасы  ауруынан  қолайсыз  18 елді  мекен  есепке  алынған. 
19 мамыр айынан бастап Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруынан қолайсыз елді мекендерде облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға малдар мен мал қораларға  кенелерге қарсы көктемгі залалсыздандыру жұмыстары жүргізіледі.
         Осы елді мекендердегі тұрғындарға өтінішіміз: кестеге сәйкес залалсыздандыру жұмыстары жүргізілетін күні жеке қожалықтағы малдарды өріске жібермей алып қалып, мал бастарын, мал қораларды  кенелерге қарсы толық залалсыздандырып, Өздеріңізді және жақындарыңызды Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруынан сақтандырыңыз дегіміз келеді.
А. САТЕКЕЕВА                   ,
Арал аудандық санитариялық–эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы.
11 мамыр 2023 ж. 473 0