Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруынан сақтаныңыз

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруынан сақтаныңыз

Кенелер Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы, кене энцефалиті секілді аса қауіпті жұқпалы аурулардың қоздырғыштарын тасымалдап, оларды адамдарға таратушы болып табылады. Кенелер қоздырғышты өмір бойы өз денесінде сақтайды, оларды жұмыртқасы арқылы өз ұрпағына таратады, яғни бір аналық кене 8-10 мың жұмыртқа салып, одан өсіп-өніп шығатын кенелерге өзінің бойындағы қоздырғыштарды таратады.
Ауру кене шағу арқылы, кенені жалаң қолмен алып тастап, езгенде, қой-ешкіні жалаң қолмен қырыққанда, қанында ауру қоздырғыштары бар малдарды жалаң қолмен сойғанда, малдарға күтім жасағанда арнайы жұмыс киімдерін кимегенде, ауырған адамдардың мұрнынан, басқа ағзаларынан қан кету кезінде, адам құсқанда туыстары көмек көрсетіп, ауру адамға күтім жасағанда ауру жұғады.
Аурудың жасырын өту мерзімі 1-14 күн аралығында, адамда аурудың алғашқы клиникалық белгілері ауру тасымалдаушы кене шаққаннан кейін 2-7 күннен кейін біліне бастайды, яғни адамның дене қызуы 38-40 градусқа дейін көтеріледі, қалтырайды, басы қатты ауырып, белі, буындары, тұла бойы сырқырайды, әлсіздік пайда болады, жүрек айну , құсу, іші ауырады, іші өтуі мүмкін, қан тамырлары көгеріп, денесі «көкала»түске өзгереді, яғни халықта «көкала» деп аталу себебі сол. Беті, денесі, көзі қызарып, денесіне майда бөртпелер шығады, кейін ауру асқына келе тістердің түбінен, мұрыннан, ішкі ағзалардан қан кетеді. Осы клиникалық белгілер байқалғанда өлім жағдайын болдырмау үшін дереу дәрігерге көрініп, емдеуді мүмкіндігінше ерте бастау қажет. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының клиникалық белгілері өте ауыр түрде өтеді, ұзақ емделуді қажет етеді, өлім көрсеткіші өте жоғары.
Аурудан сақтану үшін далалық жерлерде мал жайғанда, шөп шапқанда, серуендеуге шыққанда шалбардың балағын шұлыққа салып, жоғары жақтың бәрін қымтап кененің кіріп кетпеуін қадағалау, әрбір 2-3 сағат сайын киімдерін, дененің ашық жерлерін қарап қою қажет. Себебікене шағар алдында адамның денесіне терінің сезімталдығын әлсірететін сұйықтық себеді, сондықтан адам кененің жабысқанын байқамай қалады.Даллаық жерге шыққанда кенеі үркітетін арнайы дәрілерді киім сыртынан сеуіп алуға да болады.Далалық жерден келген соң сырт киімді шешіп, кенеден тазарту керек.
Егер Өзіңізді кене шаққанын байқасаңыз, кенені жалаң қолмен ұстап, езіп алсаңыз, мал қырыққанда кененің денесіндегі сұйықтықтар денеңіздің ашық жерлеріне шашырасаміндетті түрде дәрігерге көріну қажет, 14 күн медициналық бақылауда боласыз, себебі ауру белгілері бірден байқалмауы мүмкін.Егер медициналық мекеме алыс болса кенені денеден шығару үшін ешқандай сұйықтық майлар тамызудың қажеті жоқ, себебі соңғы ғылыми деректерге сәйкес сұйықтық майлар тамызылған соң кене тұмсығын тереңге тығып, оны шығару қиындайды. Адам денесіне жабысқан кенені арнайы қысқашпен суырып алу керек, егер тұмсығы қалып қойса, бір мәртелік шприцтің ұшымен алып тастап, орнына 5 пайыздық йод жағу қажет, кейін дәрігерге көрінген жөн.Ешқашанда кенені жалаң қолмен ұстамаңыз.
Өрістен келген малдардың үстін мұқият қарап, кене жабысса қысқашпен абайлап суырып алып, арнайы ыдысқа салып, өртеп жіберген дұрыс.Мал қораларды қидан тазартып, арнайы ветеринарлық қызметпен келісім-шарт жасасып мал қораларға, малдарға кенелерге қарсы залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу керек.Малдарды кене т.б. зиянды жәндіктерге қарсы арнайы вакциналарды ектірген жөн. Малдарды қырыққанда , сойғанда арнайы жұмыс киімін, резеңке қолғап киіп, сақтық шараларын сақтаған жөн.
Республика,облыс көлемінде КҚГҚ ауруынан күрделі эпидемиологиялық жағдай қалыптасып отыр, 2022 жылы республика бойынша 41 адам ауырып, 11 адам аурудың асқынуынан қайтыс болды, оның ішінде Қызылорда облысында 20 адам ауырып, 6 адам қайтыс болды. 2023 жылдың осы уақытына дейін Жамбыл облысында 6 адам ауырып, 1 адам қайтыс болды, Түркістан облысында 9 ауру тіркеліп, 1 науқас қайтыс болды, Қызылорда облысында 10 ауру тіркеліп, 3 науқас қайтыс болды.
Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – аса қауіпті жұқпалы ауру, сондықтан аурудан сақтану шараларына мұқият болып, өз денсаулығымызға жауапкершілікпен қарайық , ағайын!
О. МОШАНОВ,
Арал аудандық санитариялық -эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы 
13 шілде 2023 ж. 315 0