Әке – отбасы бақытының кепілі
Кім-кімге де асқар тауға баланатын әке бәрінен қымбат. Содан да шығар ұлтымыз осынау қадірлі атауды қастер тұтады. Кеше ауданның ажарын айшықтаған Балықшылар аллеясында «Әке – отбасы бақытының кілті» тақырыбымен тағылымды шара өтті. Отбасы құндылығын ұлықтап, әке мәртебесін көтерген ерекше мерекеде үлкен-кіші айрықша шаттанды. Шаңырақтың берекесі болып, балаларын бақытына балаған асыл тұлғалардың орны қашанда айрықша екенін аңғартқан салтанатты кеште ұрпағына жол көрсеткен дана тұлғаларды қадірлеу әркез маңызды екені кеңінен паш етілді. Қазақы болмысқа тән ұрпақтар сабақтастығы сахналанып, «әке» деген есімнің қашанда жүрекке жылы естілетіні шынайы сомдалды. Өз кезегінде сөз алған аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев:– Үстіміздегі жылы Арал өңірінің тарихы мен тағдырын,әрі туған жерге деген перзенттік сүйіспеншілікті ән арқылы дәріптеуді мақсат еткен «Ән қанатындағы Арал» атты республикалық жабық ән байқауы жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өз мәресіне жеткен болатын. Байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен келген кәсіби және әуесқой сазгерлер қатысып, Арал тақырыбында жазылған жаңа туындыларды ұсынып, тың шығармалар ән сүйер қауымның жүрегіне жол тартқан еді. Сол шығармалардың ішінен қазылар алқасының жоғары бағасына ие болған белгілі компазитор Рамазан Таймановтың «Аралым» әні әуенімен сөзі келісіп, тыңдармандар қошеметіне бөленген-ді . Осыған орай «Аралым» әні үшін арнайы жүлде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қызылорда облысының Құрметті азаматы Рамазан Таймановқа табысталады, – деп саналы ғұмырын мәдениет саласына арнаған жанға 300 000 теңгенің сертификатын ұсынды.
Мұнан соң аудан басшысы отбасы құндылығын дәріптеп жүрген бірқатар үлгілі әкелерді алғыс хатпен марапаттап, олардың мереке күні мерейлерін үстем етіп абыройын асырды. Артынша, жергілікті өнерпаздар ән-жырдан шашу шашып, мың бұрала би билеп, Аралдың кешкі аспанын керемет әсерге бөледі. Салтанатты шараға арнайы келген композитор Рамазан Тайманов, ақын Дүйсенбек Аяшұлы сөз сөйлеп, рухани бастамаға ұйытқы болған аралдықтарға шынайы ризашылықтарын білдіріп, Аралдың табанынан су кеткенмен халқының жүрегінен жыр кетпегенін тағы бір мәрте көз жеткізгендерін айтты.
А.ЖАЙШЫЛЫҚ










