Аралда Әкелер күніне орай тағылымды кеш өтті
Арал ауданындағы Балықшылар аллеясында Әкелер күніне орай «Әке – отбасы бақытының кепілі» атты мерекелік кеш өтті.Тағылымды іс-шараның басты мақсаты әке мәртебесін ұлықтау, отбасы құндылықтарын дәріптеу және ұрпақ тәрбиесіндегі әкенің айрықша рөлін насихаттау.
Кеш барысында көрермендерге әке тақырыбындағы театрландырылған қойылым ұсынылып, мерекелік концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Аудан өнерпаздары орындаған әндер мен күйлер, ұлттық билер мен әсерлі шығармалар көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Мерекелік шарада аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев сөз сөйлеп, барша әкелерді мерекелерімен құттықтап, отбасы институтын нығайтудағы әкенің орны ерекше екенін атап өтті.Сондай-ақ, Арал өңіріне арналған жаңа шығармаларды насихаттау мақсатында өткен «Ән қанатындағы Арал» республикалық жабық ән байқауында үздік деп танылған белгілі сазгер Рамазан Тайманов арнайы марапатқа ие болды.
Іс-шара барысында оның «Аралым» әні орындалып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Ұрпақ тәрбиесіне айрықша мән беріп, үлгілі отбасының берік негізіне айналып жүрген бір топ азаматтары аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Тағылымды кештің құрметті қонақтары Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қызылорда облысының Құрметті азаматы, белгілі сазгер Рамазан Тайманов пен Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын Дүйсенбек Аяшұлы ізгі тілегін жеткізіп, халқымыздың қонақкәде дәстүріне сай тағылымды сөзін арнады.Мазмұнды өткен мерекелік кеш әке тұлғасының қоғамдағы орны мен отбасы тәрбиесіндегі маңызын тағы бір мәрте айқындап, қатысушыларға ерекше рухани әсер сыйлады.
Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі










