Аптап ыстық және нөсер жаңбыр: Синоптиктер ескерту жасады
Бүгінге, 29 маусымға арналған ауа райы болжамына сәйкес, Қазақстанның басым бөлігінде қолайсыз метеорологиялық жағдай сақталады. Синоптиктер нөсер жаңбыр, найзағай, бұршақ, дауылды жел, аптап ыстық және өрт қаупіне байланысты тұрғындарға сақтық шараларын күшейтуді ескертті.
«Қазгидромет» РМК-ның мәліметінше, 29 маусымда еліміздің барлық өңірінде дерлік қауіпті ауа райы құбылыстары күтіледі.
Астана, Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Ұлытау, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Абай, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей өңірлерде нөсер жаңбыр, бұршақ, дауыл және екпіні 25–28 м/с-қа дейін жететін қатты жел болжанып отыр.
Алматы, Алматы облысы, Жетісу, Абай, Шығыс Қазақстан, Павлодар және Қарағанды облыстарында ауа температурасы +35…+38 градусқа дейін көтеріледі. Аптап ыстыққа байланысты аталған өңірлерде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталады.
Шымкент, Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстарында да найзағайлы жаңбыр күтіледі. Кей жерлерде бұршақ, дауыл, шаңды дауыл мен қатты жел болуы мүмкін. Сонымен қатар өңірлердің бірқатар бөлігінде төтенше өрт қаупі сақталады.
Синоптиктер тұрғындарға ауа райының қолайсыздығына байланысты алыс жолға шыққанда сақ болуды, қатты жел кезінде ағаштар мен электр желілерінің маңында тұрмауды, сондай-ақ өрт қаупі жоғары аймақтарда ашық от қолданбауды ескертеді.
Ақпарат көзі: baq.kz
Фото: baq.kz











