Жасанды интеллект журналистиканы алмастыра ма?
Ақпарат ғасырында жаңалықтың таралу жылдамдығы бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Кеше ғана әлемнің бір түкпірінде болған оқиға бүгін емес, бірнеше секундтың ішінде миллиондаған адамға жетеді. Бұл өзгерістердің басты себептерінің бірі – жасанды интеллект технологиясының қарқынды дамуы. Бүгінде жасанды интеллект жаңалық мәтіндерін жазып, бейне мен сурет өңдеп, тіпті сұхбат мәтіндерін де дайындай алады. Осындай жағдайда көпшілікті толғандыратын сұрақ туындайды: жасанды интеллект болашақта журналистің орнын баса ала ма?Жасанды интеллектің мүмкіндігі шынымен де зор. Ол үлкен көлемдегі ақпаратты қысқа уақыт ішінде талдап, маңызды деректерді іріктеп, бірнеше минутта мақала дайындай алады. Бұл әсіресе спорт нәтижелері, ауа райы болжамы, қаржы нарығы сияқты деректерге негізделген жаңалықтарды әзірлеуде тиімді. Сонымен қатар ол журналистің уақытын үнемдеп, ақпаратты өңдеуді жеңілдетеді.
Алайда журналистиканың басты құндылығы – тек ақпарат тарату емес. Нағыз журналист оқиғаның себебін зерттейді, қоғамның пікірін саралайды, шындыққа көз жеткізіп, халықтың сеніміне ие болады. Ол адамдармен тілдесіп, кейіпкердің жан дүниесін ашып, мәселенің әлеуметтік маңызын көрсете біледі. Ал жасанды интеллект адамның сезімін, өмірлік тәжірибесін және ар-ожданын толық алмастыра алмайды.
Соңғы жылдары әлеуметтік желілерде жалған ақпарат пен қолдан жасалған бейнелердің көбеюі де үлкен мәселеге айналды. Мұндай жағдайда кәсіби журналистердің жауапкершілігі бұрынғыдан да арта түседі. Әрбір ақпарат бірнеше дереккөз арқылы тексеріліп, оның шынайылығы дәлелденуі қажет. Бұл – технология емес, адамның кәсіби ұстанымы мен этикасына байланысты мәселе.
Болашақ журналист тек қалам ұстайтын маман емес, заманауи технологияларды меңгерген, медиасауатты, сыни ойлайтын тұлға болуы тиіс. Жасанды интеллект – журналистің қарсыласы емес, оның көмекшісі. Оны дұрыс пайдалану арқылы сапалы әрі жедел ақпарат ұсынуға болады. Бірақ соңғы шешімді қабылдайтын, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінетін тұлға – журналистің өзі.
Менің ойымша, жасанды интеллект журналистиканы толық алмастырмайды. Себебі халыққа сенім сыйлайтын – машина емес, шындықты іздейтін адам. Қандай технология дамыса да, әділдікке қызмет ететін, қоғамның үнін жеткізетін кәсіби журналистер әрқашан қажет болады. Сондықтан журналистиканың болашағы – технология мен адам еңбегінің үйлесімінде.
Әзілханова Нұрайым Ақылбекқызы 220 орта мектебінің 11сынып оқушысы










