Электр жүйесі мен ауызсумен қамту қалыпты режимде жұмыс істеуде
Қызылорда қаласында соңғы күндері электр қуатының кернеуі әлсіреп, жарықтың жиі сөнуі және соған байланысты ауызсу беру жүйесіндегі уақытша іркілістердің орын алуы тұрғындарды толғандырған басты мәселелердің бірі болды. Орын жалған ағдай өңірдегі аптап ыстық пен электр желілеріне түсіп отырған шамадан тыс жүктемеге байланысты туындаған. Соның салдарынан кейбір аумақтарда ауызсу қысымы төмендеп, тұрғындарға қолайсыздық туындады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ Оңалтуды басқарушы Бауыржан Жантасов.Мамандар электр желілеріндегі ақаулардың себебін түсіндірді. Басты себептердің бірі аптап ыстықта тұрғындардың электр энергиясын тұтынуы айтарлықтай өскен. Қалыпты кезде Қызылорда қаласы 92 мегаватт электр энергиясын пайдаланса, қазір бұл көрсеткіш 122 мегаватқа дейін жеткен яғни 32 пайызға артып отыр.
«Қала аумағының кеңеюі, жаңа тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың көбеюі, сондай-ақ электр желілері мен қосалқы станциялардың тозу деңгейінің 60 пайызға жетуі электр жүйесіне түсетін салмақты арттырды. Қазіргі аптап ыстық кезеңінде Қызылорда халқы электр энергиясын 122 мегаватқа дейін пайдаланып отыр. Осының салдарынан бүгінде қалада электр кернеуі әлсіреп, кейбір аудандарда жарықтың уақытша өшуі жиілеген. Қазіргі кезде жағдай бақылауға алынып, жұмыс жасалуда. Өздеріңіз білесіздер, Қызылорда қаласында 240 мегаваттық жаңадан жылу электр станциясы іске қосылды. Ол өндірілген қуатты 220 кВ электр желісіне беріп, оңтүстік өңірде электр энергиясының тапшылығын болдырмауға өз үлесін қосуда», – дейді Бауыржан Русланұлы.
Электрмен жабдықтаудағы тұрақсыздық ауызсу жүйесінің жұмысына да әсерін тигізуде. Өйткені су ұңғымалары мен насос қондырғылары электр қуатымен жұмыс істейді. Соңғы күндері бірнеше су алу нысандарында жарықтың уақытша өшуіне байланысты су қысымы төмендегенімен, барлық жағдайда дизельді генераторлар іске қосылып, қысқа уақыт ішінде су беру қалпына келтірілген. Ақаулар жедел қалпына келтіріліп, қала тұрғындарына ауызсу тұрақты берілуде.
«Мұндай жайт Қызылжарма, Сабалақ және Мерей су алу құрылымдарында тіркелді. Дегенмен барлық жағдайда дизельді генераторлар іске қосылып, ақаулар жедел жойылып, тұрғындарға дер кезінде су қайта берілді. Сонымен қатар бес су алу ұңғымасы мен бірқатар насос қондырғылары жаңасына ауыстырылды», – деді «Қызылорда су жүйесі» МКК басшысы Жасұлан Абатов.
Қазіргі таңда барлық авариялық бригадалар күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Электр желілерінің өткізу қабілетін арттыру үшін трансформаторлар ауыстырылып, жаңа кабель желілері тартылуда. Сонымен қатар жаңа қосалқы станциялар салу және қолданыстағы электр желілерін жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ.
Жалпы, Қызылорда қаласында коммуналдық қызметтер оның ішінде электр энергиясы және ауызсумен қамту тұрақты түрде жұмыс жасауда. Жекелеген ақаулар дер кезінде қалпына келтіріліп жатыр.
Осы мәселені шешу бағытында облыс әкімінің қолдауымен облыстық бюджеттен «Қызылорда – Промышленная», «КТЭЦ – Шұғыла», «Промышленная – Тасбөгет», «Тасбөгет – Амангелді» 35кВ әуе желілері жаңартылды. Сонымен қатар, сол жағалау, Президент саябағы аумағындағы жаңадан салынып жатқан нысандарды және Эдельвейс, Наурыз, Киров, Еңбек, Ақсуат, Баймурат батыр аумақтарындағы тұтынушыларды сапалы және тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз ету мақсатында қосымша трансформатор ауыстыру жоспарлануда.
Фото: Өңірлік Коммуникациялар Қызметі









