Ауданда құрылыс қарқынды
Қай өңірдің болмасын әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі ең алдымен құрылыс саласындағы қарқынмен, инфрақұрылымның жаңаруымен және тұрғындардың өмір сүру сапасымен өлшенеді. Соңғы жылдары ауданда жүзеге асырылып жатқан жүйелі жұмыстардың нәтижесінде құрылыс көлемі артып, инженерлік инфрақұрылым жаңарып, тұрғын үй құрылысы қарқын алып келеді. Бұл – халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты жемісі.Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында аудан көлемінде жалпы 21,7 млрд теңгенің құрылыс жұмыстары атқарылды. Бұл көрсеткіш өңірдегі құрылыс саласының тұрақты даму үстінде екенін айғақтайды. Әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да кезең-кезеңімен жалғасын табатын болады.Тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету – мемлекет саясатының басты басымдықтарының бірі. Бұл бағытта аудан көлемінде жоспарлы жұмыстар жүзеге асырылып келеді. Жыл басынан бері 16,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көрсеткіш 4,7 пайызға артты. Бұл халықтың тұрғын үйге деген сұранысын қамтамасыз ету жолындағы жұмыстардың нәтижелі жүргізіліп жатқанын көрсетеді.
Өткен жылдың басында 2,2 млрд теңге қаржыға салынған 150 пәтердің кілті жаңа қоныстанушыларға табысталды. Ал жыл соңында құны 1 млрд теңге болатын екі пәтерлі 30 тұрғын үй пайдалануға беріліп, көптеген отбасының баспаналы болуына мүмкіндік жасалды.
Тұрғын үй құрылысы биыл да қарқынын бәсеңдетпейді. Жоспарға сәйкес, ағымдағы жылы аудан көлемінде екі пәтерлі 100 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілмек. Бұл жұмыстар халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартумен қатар, құрылыс саласының дамуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына оң ықпал етеді.
Халықтың өмір сапасын айқындайтын маңызды көрсеткіштердің бірі – сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету. Таза ауыз су – тұрғындардың денсаулығы мен әл-ауқатының кепілі. Сондықтан мемлекет тарапынан бұл салаға тұрақты түрде қолдау көрсетіліп келеді.
Өткен жылы аудан көлемінде 12,8 млрд теңге қаржыға 4 жоба жүзеге асырылып, жалпы ұзындығы 318 шақырым ауыз су желісі салынды. Нәтижесінде Ақбасты ауылына 125 шақырым, Тоқабайға 39 шақырым, Ерімбетжағаға 23,7 шақырым, Тастүбекке 30,7 шақырым су желілері тартылып, аталған елді мекендер толықтай орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды.
Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын тауып отыр. Өткен айда Абай елді мекеніне 138,6 шақырым су желісі арқылы сапалы ауыз су жеткізіліп, ауыл тұрғындарының көптен күткен мәселесі өз шешімін тапты. Осылайша аудан тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Сонымен қатар өңір үшін стратегиялық маңызы зор «Арал – Сарыбұлақ» топтық су құбырының жай-күйі де ерекше назарда. Бүгінде оның бірінші желісінің 200 шақырымнан астам бөлігінің тозу деңгейі 80 пайызды құрап отыр. Осыған байланысты су құбырын кезең-кезеңімен жаңғырту жұмыстары қолға алынған.
Аталған жоба аясында 2025 жылы республикалық бюджеттен 5,5 млрд теңге бөлініп, 23 шақырым су құбырының құрылысы аяқталды. Ал биыл республикалық бюджеттен 1,2 млрд теңге қарастырылып, 30 шақырымнан астам су құбырының құрылысы жүргізілуде. Жалпы жобаның құны 43,7 млрд теңгені құрайды. Бұл жұмыстар толық аяқталған кезде аудан халқының сапалы ауыз сумен тұрақты қамтамасыз етілуіне мүмкіндік туады.
Инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы маңызды жобалардың бірі – көлік саласындағы нысандарды жаңарту. Бүгінде Арал қаласы мен Сексеуіл кентіндегі күрделі жөндеуге жарамсыз болып қалған ескі теміржол вокзалдарының орнына жаңа заманауи ғимараттар бой көтеріп келеді.
Жаңа вокзалдар тұрғындар мен жолаушыларға қолайлы жағдай жасап қана қоймай, өңірдің сәулеттік келбетін жаңартып, көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде және алдағы уақытта бұл нысандар пайдалануға беріледі.
Жалпы алғанда, аудандағы құрылыс саласында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар өңірдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп отыр. Тұрғын үй құрылысының ұлғаюы, инженерлік инфрақұрылымның жаңаруы, ауыз су жүйесінің кеңеюі және жаңа әлеуметтік нысандардың салынуы – халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған нақты қадамдар. Алдағы уақытта да бұл жұмыстар жүйелі түрде жалғасып, ауданның даму қарқынын одан әрі арттыра түсетіні сөзсіз.
Н.МАРАТ










