Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауданда құрылыс қарқынды

Ауданда құрылыс қарқынды

Соңғы жылдары ауданда құрылыс жұмыстары қарыштап дамып келеді. Оны күнделікті өзіміз де көзбен көріп жүрміз. Әсіресе, халық қажеттілігін өтейтін нысандардың бой көтеріп, ел мүддесіне жұмыс жасап жатқандығы көңіл қуантады. Әдемі құрылыс нысандары өңірдің де ажарын аша түсуде. Сонымен, өткен жыл мен осы жылы аудан көлемінде қандай құрылыс жұмыстары жүргізілгендігін бағамдап өтсек.

2020 жылы елдегі ауыр кезеңге қарамастан жоспарланған аудандағы құрылыс жұмыстары жүргізілді. Атап айтар болсақ, қалада 1 қабатты 4 пәтерлі 10 тұрғын үй құрылысы, қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған полигон құрылысы, 250 орындық оқушылар үйінің құрылысы жүргізілді. Бұған қоса,  Жаңақұрылыс, Қызылжар, Қаратерең, Бөген, Райым елді мекендерінде биотермиялық шұңқырлардың құрылысы, аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі ғимаратын қайта құру жұмыстары атқарылды.
Сонымен қатар жұмыспен қамту жол картасының шеңберінде Сексеуіл кентіндегі 300 орындық мектеп, Арал қаласындағы кеңес беру- диагностикалық емханасына, №19 олимпиада резервінің балалар мен жасөспірімдер мектебіне жай жөндеу, Жақсықылыш кентіндегі дәрігерлік амбулаториясына жөндеу, мұрағат ғимаратына, Арал қаласындағы көпсалалы колледжіне және индустриалды-техникалық коледжіне күрделі жөндеу  жұмыстары жүргізілді.
Өткен жылы 16 желтоқсан– Тәуелсіздік мерекесінде облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ауданда жұмыс сапарымен болып, пайдалануға берілген бірнеше нысандардың ашылу салтанатына қатысты. Атап айтсақ, қаладағы 250 орындық оқушылар үйінің, мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салынған Шижаға елді мекенінен дәрігерлік амбулатория құрылысы, Шөміш елді мекеніндегі ауызсу жүйесіне қосу және жеке кәсіпкер Т.Жалғасбековтің «С» және «Д» санатындағы жол бойы сервистік қызмет көрсету кешенінде арнайы болды.
Сонымен қатар өткен жылдың 1 желтоқсанына 22 799 шаршы метр болатын тұрғын үй пайдалануға берілді. Ал 2021 жылдың 6 айында 24 799 шаршы метрді құрайтын тұрғын үй пайдалануға берілген.
 Бұдан басқа Арал қаласындағы №71 мектеп-интернатының белгіленген аумақта құрылыс жұмыстары басталды. Құрылыс саласында 3,1 млрд теңгені құрайтын жобалар іске асырылуда. Оның ішінде, қуаты жылына 300 мың тонна «Арал Сода» зауытына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым, аз қамтылған көпбалалы отбасыларға Арал қаласынан 1 қабатты 2 пәтерлі 18 тұрғын үйдің құрылысы, Арал қаласында 12 жаттығу және стритбол алаңының құрылыс жұмыстары басталды. Және өтпелі жоба ретінде 2020-2021 жылдарға жоспарланған Жақсықылыш кентінен «Спорттық сауықтыру кешені» құрылысының жұмыстары жалғасуда. Бұған қоса, Сексеуіл кентіндегі 40 төсектік аурухана құрылысы бойынша мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.
         Сонымен қатар Қамыстыбас, Аманөткел елді мекендерінен денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысына мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Мердігерлері анықталғаннан кейін құрылыс жұмыстары басталады деп күтілуде.
Салыстырып қарайтын болсақ, аудандағы құрылыс саласында атқарылып жатқан жұмыстар көңіл қуантады. Жасалған және жасалатын жұмыстардың бәрі де халық сұранысын қамтамасыз етіп, елдің игілігіне жұмыс жасау мақсатында қолға алынған жұмыстар. Мұнан бөлек, қаладағы сәулеті келіскен кәсіпкерлік нысандар да жыл сайын қатарын көбейтуде. Осылайша құрлысымыз қарқынды жүріп, қаламыз дамып келеді.

Н. МАРАТ
07 тамыз 2021 ж. 558 0