Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Арал ауданында көпбалалы отбасыларға арнап үй салынып жатыр

Арал ауданында көпбалалы отбасыларға арнап үй салынып жатыр

Арал ауданында 2448 мың шаршы метр тұрғын үй салынып жатыр. Онда 18 пәтерден тұратын 36 үй бар. Бұл баспаналар алдымен кезекте тұрған аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға берілмек.

Арал ауданында үй кезегінде тұрған көпбалалы 285 отбасы бар. 
Әлеуметтік мәселелердің ең маңыздысы үй ғой. «Үйі жоқтың күйі жоқ» деп бекер айтылмаса керек. Тұрғын үй кезегінде тұрғаныма 14 жыл болды. Өңірдегі салынып жатқан үйлерден үмітім бар. Себебі кезегім жақындап 13-ші болып тұрмын. Күйеуімнің табысы азық-түліктен артылмайды. Өзім де қарап отырмай жұмыс істеп жүрмін. Дегенмен қазір бесінші баламызға аяғым ауыр. Құрылысы жүріп жатқан үйлер біздің отбасымыз үшін жағымды жаңалық болды дейді, - көпбалалы ана Нұрсұлу Ақыпбаева. 
Биыл баспана мәселесін шешуге Аралға республикалық бюджеттен 294 млн теңге бөлінген. Арал қаласының кіре берісіне салынып жатқан үйдің құрылыс жұмыстарына 140 аудан тұрғыны жұмыспен қамтылған. Үйлерді жеке кәсіпкер салғанымен жұмысы біткен соң бюджет қаржысына сатып алынады. Құрылыс күз айында аяқталмақ. 
Жалпы аудандағы құрылыс саласында 13 жоба іске асырылып жатыр. Оның құны 1 881 232 теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстары тек қалада ғана емес ауылдық елді мекендерде де қарқынды. Жаңақұрылыс, Қызылжар, Қаратерең, Райым, Бөген, Шижаға елді мекендері мен Сексеуіл кентінде әлеуметтік нысандардың құрылысы жүруде, - дейді аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Тойбазар Ұзақов.

baq.kz​​​
31 мамыр 2021 ж. 417 0