Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралда көпбалалы отбасыларға арналған тұрғын үйлер салынуда

Аралда көпбалалы отбасыларға арналған тұрғын үйлер салынуда

Кез келген мемлекетте тұрғын үй мәселесі негізгі мәселелердің бірі болып саналады. Себебі, азаматтарының әлеуметтік игілігі олардың тұрғын үймен қамтылуына тікелей байланысты. Баспанамен қамту мәселесі ауданымызда да өзекті мәселелердің қатарында.

Биылғы жылы аталған мәселені оңтайлы шешу мақсатында ауданға республикалық бюджет есебінен 294 млн теңге қаржы қаралған.
Осы орайда аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Арал қаласының кіреберіс аумағынан салынып жатқан жаңа тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарымен танысты.
Нақтырақ айтқанда, аталған тұрғын үйлер арнайылап көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға көмек көрсету, оның ішінде баспанамен қамтамасыз ету бойынша жүзеге асырылуда. Аталған санат бойынша ауданда бүгінде кезектілікте көпбалалы 285 отбасы тіркеліп тұр.
Қазіргі уақытта жекеменшік құрылыс компанияларының есебіне жалпы ауданы 2448 мың шаршы метрді құрайтын 18 екі пәтерлі 36 тұрғын үйдің іргетасын қалау жұмыстары атқарылуда. Аталған құрылыс жұмыстарының аясында 140 тан астам аудан тұрғындары жұмысқа тартылған. Жеке кәсіпкерлердің айтуынша жаңа тұрғын үйлердің құрылысы алдағы күз айында аяқталмақ. Бұл үйлер алдағы уақытта көпбалалы отбасыларға жоғарыда аталып өтілген бюджет қаржысына сатып алынатын болады.
Құрылыс жұмыстарының басында болған аудан əкімі тиісті сала басшысына және кәсіп иелеріне жаңа үйлердің сапалы, бекітілген стандарттарға сәйкес салынуын басты назарда ұстауды ескертті.

"Толқын" ақпарат 
18 мамыр 2021 ж. 355 0