Көрінбейтін күйзеліс: Балаңыз сізден не жасырады?
Бала – әрбір отбасының баға жетпес байлығы, үміті мен болашағы. Жаныңа жылулық сыйлап, өміріңе мән беретін ұрпақ тәрбиесі – кез келген ата-ана үшін ең жауапты миссия. Дегенмен, бүгінгі цифрлық дәуірде балалар мен жасөспірімдер арасында бұрын-соңды сирек кездескен жат қылықтар, агрессия, оқшаулану мен күйзеліс секілді жағымсыз құбылыстар жиілеп кетті. Бір бала шарт сынғыш, өте агрессивті болып өссе, екіншісі өз әлеміне тығылған интровертке айналады, ал үшіншісі созылмалы депрессияның шырмауында жүреді. Осы орайда «Бұл мінездің жай ғана еркелігі ме, әлде бала санасындағы терең балалық шақ жарақатының салдары ма?» деген заңды сұрақ туындайды.Ғылыми зерттеулер мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенсек, 16 жасқа дейінгі жасөспірімдердің 60 пайызға жуығы, яғни үштен екі бөлігі өмірінде кемінде бір рет психологиялық жарақаттан өтеді. Бұл жарақаттарға мектептегі буллинг, қоғамдық немесе отбасылық зорлық-зомбылық, жақын адамынан айырылу, ата-ана тарапынан болған суықтық пен немқұрайлылық, сондай-ақ табиғи немесе әлеуметтік апаттар себеп болады.
Психологияда балалық шақтағы жағымсыз тәжірибелер деп аталатын арнайы концепция бар. Бұл зерттеу бойынша, тіпті 5-6 жастағы балдырғанның көз алдында орын алған отбасылық жанжалдар мен келіспеушіліктер оның ми құрылымына кері әсер етеді. Сәби кезінде еміс-еміс есте қалған ауыр сөздер, айғай-шу мен қорқыныш сезімі бала есейгенде, әсіресе жасөспірім шағында, мінезінің кілт өзгеруіне әкеліп соғады. Бұл жағдай көбіне өзін-өзі қорғау агрессиясы, тез ашулану, барлық сәтсіздікке өзгені кінәлі ету, өзім білемге салынып, эмоционалды тұрақсыздықтың салдарынан қауіпті әрекеттерге бару бейнесінде көрініс табады.
Ата-аналардың байқаусызда айтқан сөздері мен сездірген немқұрайлылығы бала санасында үлкен психологиялық блоктар қалыптастырады. Мысалы, «сен үйдің үлкенісің, саған қателесуге болмайды» деген сөзді бала санасы «сенің бала болуға, қателесуге құқың жоқ, үмітті ақтауға міндеттісің» деп ұғынады. Бұл болашақта қателік жасаудан қорқуға, тәуекелге бара алмауға, жасықтық пен перфекционизмге әкеледі.
Ал «әкеңе баршы немесе анаңнан сұра, менің қолым тимейді» деген сөзді бала «мен саған керексізбін, сенің мәселең мен үшін маңызды емес» деп түсінеді де, есейе келе өзін артық сезініп, тұйықталып, көпшілік ортада өзін жайсыз сезінетін болады.
Сонымен қатар «сенің орныңа басқа бала болғанда ғой» деген сөз балаға «сен менің сүйікті балам емессің, сенің барыңнан жоғың артық» болып естіледі. Мұндай сөздерді жүйелі түрде естіген бала өзін төмен бағалап, өзін-өзі жек көру сезіміне ұшырайды және есейе келе эмоциялық тұйықталу шеңберіне түседі. Ол өзінің сұрағына ешкім жауап бермейтіндей, ешкімге керексіздей қорқынышпен өмір сүреді.
Ата-ана тарапынан берілетін махаббат пен қолдаудың тең түспеуі балада эмоциялық аштықты тудырады. Шынайы жылулық пен қабылдауды отбасынан таба алмаған жасөспірім оны сырттан, көшеден немесе интернеттен іздей бастайды. Бұл процестің көріністері ретінде басқа адамдардың пікіріне тым тәуелді болып, үнемі біреудің жанашырлығына мұқтаж болуды, достары немесе жақындары сәл де болса назар аудармай қойса, өзін толықтай жалғыз және тасталғандай сезінуді, сондай-ақ кез келген бас тартуды жеке басына төнген қауіп ретінде қабылдап, жылауық, тым көңілшек болуды айтуға болады.
Қазіргі заманда психология мен психотерапия саласы қарқынды дамып келеді. Бала бойындағы эмоционалды ауытқуларды ерте жастан байқап, балалар психологына жүгіну – бұл ұят емес, бала болашағын сақтап қалудың басты жолы. Алайда ең басты терапия – отбасындағы жылулық. Күніне тым болмаса 30-60 минут уақытыңызды бөліп, баламен ашық, ешқандай айыптаусыз сырласудың маңызы зор. Тұйық балалар өз ішіндегі қиындықтарды, мектептегі буллингті немесе денесіндегі жас ерекшелік өзгерістерді ашып айта бермейді. Осындай сәтте ата-ананың «мен сенімен біргемін, сені түсінемін» деген қолдауы ең үлкен қалқан болады.
Ата-аналар арасында «біздің кезімізде ата-анамыз ұрса да үндемей өстік қой», «қазіргі жастар тым жылауық, тым нәзік болып кеткен», «жас балада қайдағы депрессия, оның не уайымы бар» деген ең қауіпті мифтер жиі кездеседі. Мұндай стереотиптермен баланың жанайқайын жауып қою – оны қайғылы жағдайларға, оның ішінде жасөспірімдер арасындағы суицид пен психологиялық ауытқуларға итермелейді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, суицид 15-19 жас аралығындағы жастар өлімінің басты себептерінің бірі болып отыр, ал оның негізгі тамыры – елеусіз қалған психологиялық жарақаттар.
«Балаңды 5 жасына дейін патшадай сыйла, 13 жасқа дейін құлыңдай жұмса, 13 жастан кейін досыңдай сырлас» деген халық өсиетінің астарында терең психологиялық шындық жатыр. Әр жастың өзіндік эмоционалды қажеттілігі бар. Балалық шақта отбасыдан алынған махаббат пен қауіпсіздік сезімі – адамның бүкіл өмір бойына жететін рухани иммунитеті. Балаңыздың ішкі әлеміне үңіліп көріңізші. Сіз оған бүгін қаншалықты уақыт пен жылулық бөлдіңіз? Оның психологиялық жағдайы шынымен жақсы ма?
Г.ӘЛНИЯЗИНА









