Отбасын қорғау – қоғамның ортақ міндеті
Іс-шараға Арал аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері тартылып, профилактикалық есепте тұрған, қорғау нұсқамасы шығарылған және ерекше талап белгіленген тұлғалардың мекенжайлары тексерілуде.
Отбасы – адам өмірінің алтын бесігі, ал қоғамның тұрақтылығы мен болашағы берік отбасынан бастау алады. Сондықтан отбасын қорғау – тек бір мекеменің немесе мемлекеттің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.
Қазіргі таңда отбасы институты түрлі әлеуметтік, экономикалық және психологиялық қиындықтарға тап болып отыр. Отбасылық келіспеушіліктер, ажырасу, тұрмыстық зорлық-зомбылық, ата-ана мен бала арасындағы түсініспеушілік – қоғамды алаңдататын өзекті мәселелердің бірі. Мұндай жағдайлар ең алдымен балалардың тағдырына кері әсерін тигізіп, олардың толыққанды тұлға болып қалыптасуына кедергі келтіреді.
Қазақстан Республикасының заңнамасында отбасы мен баланы қорғауға ерекше мән берілген. Мемлекет тарапынан көпбалалы, аз қамтылған және әлеуметтік осал топтағы отбасыларға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Сонымен қатар, отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында құқықтық және психологиялық көмек көрсететін орталықтар жұмыс істейді.
Дегенмен, заң мен мемлекеттік қолдаудан бөлек, әрбір азаматтың жеке жауапкершілігі маңызды. Отбасындағы сыйластық, өзара түсіністік, үлкенге құрмет, кішіге ізет сияқты ұлттық құндылықтарды сақтау – берік отбасының негізі. Ата-ана баласына ең алдымен мейірім мен тәрбие беріп, қауіпсіз әрі сенімді орта қалыптастыруы тиіс.
Отбасын қорғау – ұлттың болашағын қорғау. Берік отбасы – берекелі қоғамның кепілі. Сондықтан әрбіріміз отбасылық құндылықтарды сақтауға, қорғауға және нығайтуға өз үлесімізді қосуымыз қажет
Бүгінгі күні Ұрпақ тәрбиесіне мән бере отырып, құқық бұзушыларға отбасылық зорлық-зомбылық фактілері үшін заңмен жауапкершілік көзделгені түсіндіріліп, профилактикалық бағыттағы жұмыстар жүргізілуде.
Арал ауданы полиция бөлімі қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесінің
отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобы










