Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Психологиялық жарақат немесе балаңыздың жағдайы қалай?

Психологиялық жарақат немесе балаңыздың жағдайы қалай?

Бала – әрбіріміздің ең қымбатымыз десем артық емес шығар. Жаныңа жылулық сыйлайтын, жүректі елжіретіп, өміріңді жалғайтын ұрпағы үшін адам баласы бәріне әзір. Дегенмен, қазіргі кезде ғаламтор желісінен балалар мен жасөспірімдер арасында түрлі жағымсыз жайттарды, жат қылықты көруге болады. Бірінің мінезі өте агрессивті болса, екіншісі интроверт, тағы бірінде депрессия мен көңілсіздік қалыпты жағдай. Бұлардың себебі не? Шынымен де бала санасында «психологиялық жарақат» бар ма?
Ғалымдардың зерттеуі бойынша 16 жастағы жасөспірімдердің 3\2-ден астамында кемі бір психологиялық жарақаттан бар. Оған мектептегі және қоғамдағы зорлық-зомбылық, жақын адамынан айырылу, отбасындағы немқұрайлылық, кейде табиғи апаттар да себеп бола алады. Тіпті 5-6 жастағы балдырғанның көз алдында болған отбасылық жанжал мен келіспеушіліктер уақыт өте келе өз салдарын беруі мүмкін. Еміс-еміс есте қалған ауыр сөздердің мағынасын ой елегінен өткізген бала жасөспірім шағында оларға үлкен мән беріп, кейде қарсы қолдануға бара алады. Шарт сынғыш мінезді, өзіне айтылған сынды көтере алмайтын, барлық жағдайға өзгені кінәлі ететін балалар осының дәлелі. Олар кейде «өзім білемге» салынып, қалай құрдымға кетіп жатқанын байқамайды.
Сонымен қатар, ата-анасының тарапынан көп немқұрайлылық сезінген жасөспірімдер де ауыр мінезді болып келеді. Мысалы, өзімізге біліне бермейтін «сен үйдің үлкенісің. Сен не істесең, кішкентайлар да соны істейді» деген сөзді алайықшы. Бала санасына бұл сөздер «сенің қателесуге құқың жоқ» дегендей естіледі. Әрбір қимылқозғалыстың алдында қорқыныш пайда болады. Уақыт өте келе тәуекелге бара алмайтын, жасық болуы мүмкін.
«Әкеңе баршы, оның қолы бос», «анаңнан сұра, мен білмеймін», «сенің орныңа ұлым (қызым) болғанда, жақсы болар еді» деген сөздерді де жиі естіп жатамыз. Бала не ойлайды? «Мен керексізбін. Ата-анамның маған уақыты жоқ. Мен көп нәрсені талап етемін. Мен тағы дұрыс жасамадым.» Келе-келе ол бала бір бұрышта, тиыш отырғанды жақсы көре бастайды. Ал есейгенде көпшілік ортада өзін жайсыз сезініп, сұрағына жауап қайтарылмайтындай қорқыныш сезімде болады.
Ата-ананың бала тәрбиесіне бірдей атсалыспауы да балаға «эмоциялық аштық» қаупін тудырады. Әкем немесе шешем мені жақсы көрмейді деп, жылулықты өзгеден іздеуі мүмкін. Өзін басқаға тәуелді етіп, үнемі жанашырлық сезімін іздейді. Достарын ылғи өзінің қасынан табылғанын қалайды. Егер олай болмаса қатты ренжіп, өзін «тастанды» адамдай сезінеді. «Жоқ» деген жауапты қабылдай алмай, өте көңілшек, жылауық болуы да ғажап емес.
Қуанышқа орай қазіргі заманда түрлі психологтар мен психотерапевттер бар. Уақытылы бала мәселесін айтып, ем алса барлық жағдайдың алдын алуға болады. Жеке өміріңізде де балаңызға 1-2 сағат уақыт тауып, ашық сырласқанның пайдасы көп. Көп жағдайда тумысынан тұйық мінезді балалар өздерін ыңғайсыз сезінгеннің себебінен көп нәрсені ашық айта бермейді. Кейде мектептегі қиындықтар, достарымен арадағы мәселелер, бала дамуы кезінде болатын өзгерістер ауыр тиюі мүмкін. Сол кездері ата-ана тарапынан болған қолдаудың орны бөлек. Бастысы «біздің кезімізде ата-анамыз ұрса да үндемеуші едік», «қазіргі жастар жылауық, қатты сөз айтуға болмайды», «жас балада депрессия болмайды» деген сөздерді айтып, жылы жауып қоймау керек. Олар түрлі суицидтік жағдайлар мен псхологияның бұзылуына әкеліп соғады.
«Балаңды 5 жасына дейін Құдайдай сыйла, 13 жасқа дейін құлыңдай жұмса, 13 жастан кейін досыңдай сырлас демекші», өз уақытымен, өз заманына сай балаға көңіл бөлу өте маңызды. Ал сіз балаңызға қаншалықты көңіл бөлесіз? Оның психологиялық жағдайы қалай?
Г.ӘЛНИЯЗИНА
15 қараша 2022 ж. 570 0