Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Балаға қорған болайық

Балаға қорған болайық

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған алғашқы Жолдауында "Біз азаматтардың негізгі құқықтарын елемей, заңнаманы ізгі етуге әуес болдық. Әсіресе, балаларға қарсы қылмыстар үшін жазаны жедел түрде күшейту қажет» деген еді. Биылғы жолдауында да  балалардың қауіпсіздігі мен құқығын қорғау мәселесіне ерекше назар аудару керектігін баса айтты.
Күнделікті тұрмыста жасөспірімдерге әлімжеттік жасап, зорлық көрсету фактілері көбеймесе, азаймай тұр. Тұрмыстық зомбылықта көбіне зардап шегетіндер әйелдер мен балалар екенін статистика анық көрсетіп отыр. Болашағымыз деп қарайтын балаларымыздың құқығын қорғау, оларды жақынырақ түсіну – тәуелсіз еліміздің басты құндылығы.
Адам құқығын қорғау бала құқығын қорғаудан басталады. Балаларды қорғау-ең алдымен, балалар өмірін, оның құқықтарын, оны күш көрсетуден, зорлық-зомбылық жасаудан және психологиялық жәбірлеуден қорғау. Әрбір сәби үшін ең қауіпсіз орын – оның үйі, отбасы. Өйткені бала көңілі осы жерде мені жақсы көретін, маған қамқор болатын, қорғайтын адамдар тұрады деп ойлайды. Өкінішке орай, балалар өз үйінде қамқорлықты сезе алмай, керісінше жәбір көріп, соққының құрбанына айналып жататын жайттар жиі кездеседі. Балаларға зорлық-зомбылық көрсету проблемасы бүкіл әлемді алаңдатады. Дегенмен, оның көпшілігі ашылмай қалып жатыр. Өйткен себебі адамдар ол туралы ашық айтуға қысылады. Деректерге жүгінсек, әлем бойынша жылына 1 млрд-қа жуық кәмелетке толмаған бала түрлі зорлық-зомбылыққа ұшырайды екен. Бұл сан жер бетіндегі екі жастан он сегіз жасқа дейінгі балалардың тең жартысынан да көп.
Қазіргі таңда үлкен мәселенің біріне айналып отырған мәселе –  мектеп оқушыларының, балалардың зорлық – зомбылыққа тап болуы. Құқық бұзушылықтың бірі жасөспірімге қатыгездік, әлімжеттік пен түрлі зорлық – зомбылық көрсету күнделікті өмірдің бөлігіне айналып барады. Сол қатыгездік, күш көрсету, бопсалау қайдан шығады? Немесе жасөспірімдердің кекшіл, қатыгез және суық қанды болып қалыптасуына не себеп? Осы сұраққа жауап бәрімізді де ойлантуы тиіс.
Мектеп жасындағы оқушылардың өнеге алып, үлгі тұтатыны отбасында – ата-анасы, ал мектепте – ұстаздары. Сондықтан баланың осы жандарға деген сенімі оларды сыртқы ортадағы қауіптен сақтай алады. Ол үшін баламен жиі шүйіркелесіп, сүйікті ісі, қызығушылығы туралы жиі сырласып, шүйіркелескен абзал. «Ағаштың түзу өсіп, тереңге тамыр жаюы бағбанынан» дейтін қазақ халқы тәрбиенің төркінін баланың жас кезімен байланыстырады. Оның өз-өзіне деген сенімділігі, қайсарлығы мен парасаттылығы, қиын кезеңде шешім табуға бейімділігі, шыншылдығы мен турашылдығы ұшқан ұясында қалыптасуы шарт. Қоғамда болар кез-келген қиындыққа төтеп бере алуы үшін,сыртқы қысымнан сақтану үшін оның бойында ересектердің сіңірген білімі жеткілікті болу шарт. Бала ата-анасының оған үнемі қорған бола алатын сенімді жан екенін біліп өскені абзал. Ата-аналардың өз балаларына тәрбие бере отырып, құқықтық сауаттылығына да көңіл бөлуі қазіргі заманның талабы.
 Республикалық "Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн" акциясы №83 орта мектепте де өз деңгейінде өтті. Оқушылар арасында зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында сынып сағаттары мен сурет салу байқаулары, құқықтық оқулар, психологиялық кеңес беру  өткізілді.  Сондай-ақ "Мектеп  - зорлық-зомбылық пен қатыгездіктен аулақ азат аумақ"  тақырыбында онлайн конференция және  ата-аналарға арналған онлайн түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Қоғам үшін ең бастысы – тәуелсіздік, адам үшін– бас бостандығы және уайым қайғысыз өмір. Оның кепілі – заңдылық. Тәуелсіздік төрімізден орын алған қоғамымыздағы ең басты құндылық – адам бостандығы. Адамның және адамзаттың құқықтары мен бас бостандықтарын қамтамасыз ету және қорғау – Конституциялық заңдылықтың басты талабы. Қазақстанда салауатты өмір
салтына қол жеткізуде, денсаулықты сақтау мен нығайтудағы басты міндеттің бірі – бала құқығын қорғау, зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жүргізу.
Өмірбай Әнесов,
№83 орта мектеп директорының орынбасары
21 желтоқсан 2020 ж. 707 0