Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Біздің отбасы есірткіден алыс

Біздің отбасы есірткіден алыс

Отанның дамуы отбасындағы тәрбиенің нәтижесі екендігінің айқын дәлелі бола алады. Біздің отбасымыз өте шағын. Екі қыз өсіріп отырған ата-ана үшін отбасындағы ұрпаққа беретін тәрбие біз үшін аса маңызды. Саналы ұрпақ тәрбиелегісі келетін әрбір ата-ананың мақсаты да осылай деп білеміз. Сондай-ақ еліміздің өсіп-дамуына, ұрпағымыздың, жастарымыздың жаман әдеттен аулақ болуына қазіргі бала өсіріп отырған әрбір отбасының қатысы бар.
Отағасы полиция бөлімінің қызметкері болғандықтан, күні-түні қызмет бабымен де әртүрлі жағдайлардың куәсі де болып жүреді. Сондықтан да біз есірткі, нашақорлық деген сорақы жағдайларға сақтықпен қараймыз. Соңғы қоғамдағы жаңалықтарды да қалт жібермейміз. Мерзімді басылымдарды үнемі оқып, отбасымызда айналамызда болып жатқан келеңсіз жағдайлармен таныстыруды жөн санаймыз. Мұны отағасы өз міндеті деп біледі. Заман талабына сай, әлеуметтік желілерде де болып жатқан соңғы ақпараттармен де танысып отырамыз. Өйткені біз, жас ата-ана ретінде бала тәрбиесінде қателіктер жіберіп алмауға тырысып бағамыз. Өзіміздің көркейіп келе жатқан елімізде білімді, дендері сау, жандары таза ұрпақ өссе екен деген тілегіміз бар.
Әрбір әке, әрбір ана баласына қоғамдағы жаман нәрсені де танытып үйрете алуы керек. Өкінішке орай, бүкіл әлем болып күресіп отырған есірткі дерті біздің қоғамда да болған, әлі де бар. Есірткі – адам ағзасына өте зиянды, орталық жүйке жүйесін бұғаттайтын химиялық зат. Есірткі затын қолдануға бүкіл әлем бойынша тыйым салынған. Психологиялық тұрғыдан толық тұлға ретінде қалыптаспаған еліктегіш жасөспірімдер осы дертке жиі шалдығады. Кейіннен өз болашағына балта шауып, ауыр жағдайға тап болғандарын көпшілігі түсіне бермейді. Оған себеп, ата-ананың, қоршаған ортаның берген тәрбиесінің аздығынан болуы әбден мүмкін. Көп ата-ана жасөспірім баласының қайда жүргенін, кіммен дос екенін, бос уақытында немен айналысатынын біле бермейді. Тек баласы осындай қиын жағдайға тап болған кезде өкініп жататындары анық. Мектептерде де осы тақырыпта оқушылармен ашық әңгімелесіп, есірткінің зияны мен зардабы жайлы ашық әңгімелер, тәрбие сағаттары жүргізіліп отырғаны дұрыс. Бұл тақырып балаға жаман әдеттердің зиянды жақтарын түсіндіру бағытында жиі айтылғаны жөн.
Біздің елімізде осындай есірткі деген жаман індеттің болмауына отбасымызбен күресіп, соған үлесімізді тигізіп жатсақ, өзімізді бақытты ата -ана сезінген болар едік. Баламыздың болашағы үшін осыған атсалысамыз. Біз – есірткі деген ұғымның қоғамнан жоғалуын қалайтын отбасымыз. Болашағы жарқын бейбіт елімізде дені сау, рухы таза, саналы жастар өмір сүрсе екен дейміз.
Г.Тобажанова,
ата-ана
12 ақпан 2021 ж. 725 0