Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жылқы баптап, береке тапқан

Жылқы баптап, береке тапқан

Бүгінде өз кәсібін ашып, берекелі тұрмыс кешіп отырған жандардың қатары қалың. Мемлекет тарапынан да бұл бағыттағы жұмыстарға жасалып жатқан қолдау жоғары. Төмен пайызды несиелер мен қайтарымсыз гранттар тағайындалуда. Аудандағы кәсіпке бет бұрған ағайын да мұндай жеңілдіктің шарапатын сезінуде. Әсіресе ауыл тұрғындары мал шаруашылығын дамытуда. Айталық, Мергенсай ауылдық округіндегі Әлімбетовтер отбасы – жылқы малын өсіріп, өз кәсібін дамытып отырған жандардың бірі.
Назерке МАРАТ

Жылқы малын қасиет тұтқан қазақ халқы қай кезде де Қамбар ата тұқымын мінсең – көлік, жесең – ас, ішсең шипалы сусын беретін өзіндік ерекшелігімен жоғары бағалаған. Бұл текті жануар қазірдің өзінде қасиетін жоғалтпай келеді. Өзінің кәсібіне айналдырған Айбазар Әлімбетов қазіргі күні 12 бас жылқы малын өсіріп отыр.
– Өзім ұзақ жылдар колхозда көлік жүргізуші болдым. Кейіннен Кеңес үкіметі құлағанан кейін бұл жұмыс та тоқтады. Арагідік әртүрлі жұмыстар істеп, балаларды өсірдім. Кейіннен мемлекет тарапынан жеңілдетілген несие беріліп, кәсіп ашам деушілерге қолдау көрсетіліп жатқандығын естіп, отбасы болып жылқы малын өсіреміз деп шештік. Жолдасым Қалыгүл кәсіпкерлер дайындайтын курста оқып, өткен жылы 3 млн теңге несие алдық. Сол қаражатпен өзіміздің кәсібімізді бастап кеттік, – дейді отағасы Айбазар аға.
Ауылдың маңы жылқы бағуға ыңғайлы деген Айбзар аға су ішетін құдығы мен қора-жайын дайындап, мал басын көбейтуге шындап кіріскен. Қазір балалары көмекші. Оларға да баптаудың ерекше әдістерін үйретіп, болашақта кәсібін кеңейтуді қолға алған.
– Мал өсіру – қазақ халқына бұрыннан белгілі ата кәсіп. Сол үшін де бұл кәсіп түрімен кез келген адам айналысып, табыс таба алады. Шағын және орта бизнестің гүлденуі еліміздегі орташа әлеуметтік санат үшін қолжетімді кәсіп көзі мен табысты жұмыс орны ретінде маңызға ие болып отыр. Бұл тұрғыдан алғанда, мемлекет өз ісін ашуға ынта білдіргендерді қолдап, іскерлік әліппесін үйрету мен қаржылай қолдаудан бөлек, кәсіп түрлерінің дамуына қолайлы орта туғызып отыр. Бұл біз секілді кәсіпкерлер ісінің өркен жаюына жол ашатындығы сөзсіз, – дейді ол.
Жылқы малын өсіріп, отбасылық кәсіптен нәпақа тауып отырған Айбазар аға мен Қалыгүл апаның 5 перзенті бар. Балаларының алды өз шаңырағын тіктеген болса, кейінгілері оқу оқып, білімін жетілдіруде. Бәрін адал еңбекпен тапқан аспен өсірген ата-ананың балалары да өздерінің еңбегімен танылған.
– Қандай істі болмасын шын көңілмен, адал ниетпен қолға алсаң, берекесіне кенелесің. Өзім жастайымнан балаларды адал еңбекке баулыдым. Соның арқасында балалар өздері қалаған мамандықпен жұмыс жасап, маған қолғанат болып отыр, – деді.
Алдағы уақытта өздерінің отбасылық ісін одан әрі дамытып, жылқыдан бөлек, асыл тұқымды сиыр малын көбейтуді де жоспарлап отыр.
13 қазан 2020 ж. 768 0