Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қымыз– қырық ауруға ем

Қымыз– қырық ауруға ем

Егін мен мал шаруашылығын қатар игерген ақбайлықтарды қымызбен қамтамасыз етіп отырған Мейіз Кермешқызының кәсібі өрге домалап отыр. Жылқы өсіру бағытындағы жұмысымен барша ауыл тұрғындарының сұранысын қанағаттандыруда. Әсіресе, дәтіңе қуат, дертіңе шипа болатын саумал ішушілердің сұранысы өте жоғары.
Иә, саумал – жаңа сауылған бие сүті. Дәмі тәтті, көпіршіп тұратын, жұмсақ әрі тез сіңетін қасиеті бар биологиялық табиғи өнім. Ол ана сүтіне тым жақын, тіпті ешкі сүтінен де құрамы жағынан ана сүтімен тең келеді. Сауылған соң 2 сағаттан астам уақытқа дейін қасиетін
жоғалтпайтын саумалдың денсаулыққа пайдасы жайында жиі естіп те жүрміз. Түрлі асқазан, ішек ауруларына, ісікке де, қан құрамын реттеуге де көмегі тиетін бие сүтінің өкпе мен бауырды қуаттандырып, белсіздікті жазатын қасиеті де ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Сол себепті де саумалға сұраныстың көп болуы түсінікті жағдай. 
– Жылқы малы әдетте қазақ үшін төрт түліктің тектісі болып саналған. «Мінсең– көлік, ішсең–ас» дегендей, қай кезде де өзінің серігіндей, жолдасындай қарап, зор күтіммен баптаған. Көбіміз бәйге аттарының баптауын оқып- біліп жүрміз. Менің жылқы өсірумен айналысып отырғаныма көп болды. Мал баққанға  бітетінін жақсы білемін. Сауын биелерге де мерзімімен жем-шөбін беріп, астын, қора
жайларын тазалап тұру міндетті. Себебі, олар күніне 5 рет сауылады. Саумал ішетін тұтынушыларым осы уақыттарда үйіме келіп, алғысын айтып, ыстық ықыласын білдірген кезде, жігерленіп қаласың. Адам үлкейген сайын көңілі баладай болатыны рас екен ғой, – деп жымиып та алды.
Бүгінде жылқысының саны үйірге жеткен Мейіз апаны ауылдықтар расымен-ақ құрмет тұтады. Еңбегі берекелі, сусыны шипалы жан саумалдан бөлек қымыз дайындап, тұрғындарға ұсынып келеді. Бірі қышқылын, бірі тұщысын таңдайтын адамдардың қайсысының талғамы қандай екенін де біліп алған. Ал қымыздың қасиетін «қымыз – қырық ауруға ем» дегеннен-ақ түсіне берсек болатындай.
Еңбекқор жан тек мал шаруашылығымен ғана айналыспайды. Кәсіптің қай саласы болмасын бел шешіп кірісе кетеді. Әсіресе,
жергілікті жердің  ыңғайына қарай бейімделген егін шаруашылығын да жете меңгеріп, көктем, жаз айларында бақша да егеді. Дәмін татқанның қайсысы болса да мақтай жөнелетін Ақбай қауыны мен қарбызы, асқабағы да дөңгеленіп жатады. «Өзінің сүйікті ісін жасаған
адам бақытты емес, өз ісін сүйіп жасаған адам бақытты» демекші, еңбектен бақытын тапқан апамызға ұзақ ғұмыр тілейміз.

Оңталап ЖОЛДАСОВ.

03 сәуір 2019 ж. 2 259 0