Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ТАПТЫРМАС ЕМ, БОЙҒА ҚУАТ

ТАПТЫРМАС ЕМ, БОЙҒА ҚУАТ

Ешкі сүтінің пайдалы екендігі әлдеқашан дәлелденіп қойған. Сан ауруға емдігімен қоса, жаңа туған балаға ана сүтін алмастыра алатын бірден-бір қорек – ешкі сүті. Сондықтан да, халық «ешкі сүті – ем» дейді. Асыл тұқымды ешкі өсіріп отырған кәсіпкер Эльвира Тілеубаева ешкі малы- ның ерекше қасиетін шынайы сезіп, өнімін қажетке жаратуда.
«Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасы аясында Эльвира 2017 жылы мүйізді ірі қара алады. Сонан соң, ешкі малын өсіруге қызығушылық танытып, жеке қаражатына Ақтөбе қаласынан асыл тұқымды 3 бас ешкі мен бір теке сатып алады. Осылайша сүт бағытында ешкі өсіруге шындап кіріседі.
–Бұлар өте ақылды болып келеді екен. Саууға келгеніңді біле қойып, алдыңа кезек-кезегімен тұратынын айтсаңшы. Күніне 3 рет сауамыз. Әр сауғанда бір ешкі 1 литрден кем емес сүт береді. Негізінен, емдік қасиеті өзге жануарлардан бөлек ешкі сүтінің нарықтағы бағасы литріне 500 теңгеден есептеледі ,– дейді жас кәсіпкер.
Жалпы, ешкі малы аса жоғары күтімді де талап ете қоймайды. Кәдімгі жем-шөбін уақытылы беріп отырса жеткілікті. Эльвираның айтуынша, аталған ешкілер алдағы күз айында алғашқы төлін бермек.
Иә, ешкі малы бойына бар асылды жинаған. Оның сүті 99 ауруға ем. Ғалымдардың зерттеуіне назар аударсақ көп-ақ. Емдік және аурулардың алдын алуда көмегі мол көрінеді. Әсіресе, анемияда, тағамдық аллергияда, туберкулезде, асқазан, ішек- қарын жолдарының ауруларында, диабетте, диатезде, ағзаның қорғаныс қызметін арттыруда, ағзадан ауыр металдардың тұздары мен радионуклидтерді шығаруда және көздің нашар көруінде пайдалы деген тұжырым жасаған. Сондай-ақ, ешкі сүтінде кальций, магний, фосфор, марганец, мыс, А, В1, С және Д дәрумендері, аскорбин қышқылына өте бай. Бұдан бөлек, ғалымдар балаларды қоректендіруде сиыр сүтіне қарағанда ешкі сүті құнарлы келетінін анықтаған. Әрине, бала үшін ана сүтіне жететін тағам жоқ, бірақ жасанды немесе аралас қоректендіруде ешкі сүті ана сүтін алмастыру үшін лайықты және 6 айдан асқан балалар үшін қосымша қорек ретінде пайдалануға болады. Және бір айта кететіні, ешкі туберкулез, бруцеллез сынды өзге малдарда кездесетін аурулармен ауырмайды.
Қазір кәсіпкерден ешкі сүтін сатып алушылардың қатары молайған. Олардың көпшілігі түрлі дертке шалдыққан науқастар мен жаңа туған балаға қосымша қорек ретінде сатып алушылар екен.
–Ешкі малын өсіру маған тыңнан келген жақсы идея болды. Алдағы уақытта мал басын молайтсам деймін. Және сүтінен түрлі өнімдер жасап, сату да жоспарда бар , – дейді Эльвира Жарасқызы.
«Ебін тапсаң, ешкі бақ» деп дана халқымыз айт- пақшы, бүгінде елімізде ешкі шаруашылығы біртіндеп қолға алынып жатырғаны қуантады.
Біз де тың істі қолға алған келіншектің облыс әкімі жариялаған кәсіпкерлікті қолдау жылына қосқан бастамасына табыс тілеп, өзгелерге де үлгі болсын деген тоқтамға келдік. Себебі, аудандағы әрбір адамның кәсіп жасауға мүмкіндігі мол.
Н. БАҚЫРАН.
02 тамыз 2018 ж. 2 424 0