Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » БІРЛІК БЕРЕКЕГЕ БАСТАЙДЫ

БІРЛІК БЕРЕКЕГЕ БАСТАЙДЫ

Аралқұм. Бұл ауылда даауыз су мәселесі көптен бері тұрғындардың басты сауалы болып келген. Округте  жаңа ит жылы кірер тұста бұл мәселе өз шешімін тапқан болатын. Міне, өткен жылды осындай жақсы жаңалықпен тарих қойнауына аттандырып салған аралқұмдықтар алдында аудан әкімі М.Оразбаев пен Аралқұм ауылдық округ әкімі С.Садықбаев игі дәстүрге айналған есептік кездесуін өткізді.
Өткен жылы атқарылған жұмыстар қорытындысына көз жүргіртсек, қазіргі таңда ауылдық округ бойынша 19 жеке кәсіпкердің 10-ы азық-түлік сатумен, 5 кәсіпкер жолаушылар тасымалымен айналысса, 3 кәсіпкер несие алып, мал басын өсірумен айналысуда және 1 жеке кәсіпкер «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы 3 млн. теңге несие алып, нан өнімдерін шығаратын наубайхана ашып, кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Сонымен бірге, 17 шаруа қожалығы мал өсірумен айналысуда. Оның ішінде, 4 шаруа қожалығы 14 асыл тұқымды бұқа сатып алып, мал басын асылдандыру бағытында жұмыс жасауда. «Сыбаға» бағдарламасы аясында 1 азамат «Арал ырысы» кредиттік серіктестігі арқылы 10 млн. теңге несие алып, 59 бас аналық және 3 бас асыл тұқымды бұқа малын сатып алып, өз кәсібін дамытуда. Аталған серіктестік арқылы 2017 жылы тағы бір азамат мал шаруашылығын дамыту бағытында 2,3 млн. теңге несиеге түйе және жылқы малын сатып алды. Бүгінде ауылдық округ бойынша мүйізді ірі қара – 2011 бас, қой-ешкі–6060 бас, жылқы –780 бас және түйе –1392 басты құраған.
Басқа да бірқатар нәтижелі жұмыстар жайында ауылдық округ әкімі С.Садықбаев баяндама жасады. Кездесу одан әрі жиналғандармен емен-жарқын әңгімеге ұласып, округ тұрғындары өз көкейлерінде жүрген сауалдарын аудан басшысына жолдады. Аралқұм ауылдық округіне қарасты Шөміш елді мекенінің тұрғыны, зейнеткер Д.Жүкенов ауылға ауыз су жүргізу мәселесін алға тартса, зейнеткер С.Сейілханов түнгі жарықтандыру жұмыстарын жүргізуді сұрады. Кезең-кезеңімен бұл сауалдар да өз шешімін табатындығын білдірген аудан әкімі, алдағы уақытта да ауылдар билік назарынан тыс қалмайтындығын жеткізді.

"Толқын" ақпарат.

25 қаңтар 2018 ж. 1 461 0