Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Іргелі ауылдағы ілкімді істер

Іргелі ауылдағы ілкімді істер

Қамыстыбас. Барлық деңгейдегі әкімдердің халық алдындағы есептік кездесуі Қамыстыбас ауылдық округінде жалғасын тапты. Сондай-ақ, есеп беру жиынына Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Шәменов арнайы келіп қатысты.
Ауданымыздағы іргелі ауылдардың бірі болып саналатын Қамбашта осы уақытқа дейінгі басты мәселе ауыз су болатын. Табыспен түйінделген тауық жылында бұл мәселе оң шешім тапты.
Округ төңірегінде мұнан да басқа ауыз толтырып айтарлықтай толымды істер жетерлік. Кеңінен тоқтала кетер болсақ, округте 3 адам «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» бойынша «Бастау Бизнес» оқу курсын оқып, сертификат алды. «Аққұмшық» жағажайынан «Сыр-Маржан» ЖШС көлге демалушыларға 10 демалыс нысанын салса, жеке кәсіпкер «Бекетова Күләш» «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы монша салу жобасына 5 млн. теңге несие алып, құрылыс жұмыстарын аяқтады. Жеке кәсіпкер Гүлсім Ахметова мал бордақылау алаңын салуға жоба дайындап, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 3 млн. теңге несие алуға құжаттарын тапсырды. Жеке кәсіпкер Ұлмекен Шалабаева «Ұлттық нақышта киім тігу және қалпына келтіру бойынша цех ашу» жобасын дамыту мақсатында 1 млн. 126 мың теңге қайтарымсыз грант жеңіп алды. Жеке кәсіпкер Жанболат Үмбетов өз қаражаты есебінен ағаш өнімдерін өңдеу және пластик есік-терезе жасау цехын ашып, халыққа қызмет көрсетуде.
Өзге де жағымды жаңалықтар жайында ауылдық округ әкімі Н.Ділмағанбетов өз баяндамасында айтып өтті. Одан әрі ауыл тұрғындары аудан әкімі М.Оразбаевтың өткен жылда ауданымызда атқарылған жұмыстар жөніндегі баяндамасын тыңдап, ауданның тыныс-тіршілігіне қанықты.
Есептік кездесу соңында ауыл ардагері А.Есенбаев пен зейнеткер С.Садақбаев сөз сөйлеп, ауылға қосымша трансформатор орнату және Қамыстыбаста абаттандыру жұмыстарын жүргізуді сұрады. Аудан әкімі тарапынан бұл сұрақтарға жауап беріліп, алдағы уақытта орындалатыны жайлы айтылып, тұрғындар көңілін бір серпілтіп тастады.

"Толқын" ақпарат.
25 қаңтар 2018 ж. 1 654 0