Баһадүр баба рухына тағзым
Биыл даңқты батыр күллі Түркі жұртының қорғанына айналған Жалаңтөс Баһадүрдің туғанына – 450 жыл. Осыған орай Жалаңтөс Баһадүр атындағы республикалық қоғамдық қор "Бабалар ізімен" атты тарихи танымдық экспедиция ұйымдастырды. Мұндағы мақсат қаһарман, қолбасшының ерлігін дәріптеу арқылы өскелең ұрпақты отан сүйгіштікке тәрбиелеу.Аталған ауқымды шараға аралдық жыршылар Айна Тұяқова, Ғанибек Өмірзақов, Зауре Ізекешова, Асқар Жоламанов қатысып, қатардағы қарадан Самарқанның сұлтандығына дейін жеткен сардар Баһадүрді жырына қосып қайтты. Иә, жырақта өссе де, ата жұрттың есігінде елгенек бола білген, қысылғанда қолдап, тарыққанда тірекке айналған. Ойраттың 50 мыңдық қолын ойламаған жерден ойсыратқан Орбұлақ шайқасы соның дәлелі.
Бұл жайында терең тарихтан сыр шерткен Республикалық "Жалаңтөс Баһадүр" қорының президенті Нәжмадин Мұсабаев:
– 20 мың әскерменен Жалаңтөс Баһадүр өзінің бауырына көмекке келіп, жоңғардың 50 мың әскерін жойып жіберді. Шынында да тарихта алтын әріппен жазылатын үлкен соғыс болды, – деп тарихтың қатпарлы парақтарынан құнды дерек келтіреді.
Экспедицияның алғашқы тоқтаған жері Алматы облысы Панфилов ауданына қарасты Кескен Терек өзенінің бойы. Бұл жерде қазақтың 600 сардары қалмақтың қалың қолына қарсы тұрған. Тарихта қайталанбас оқиға деп бағаланған бабалар жорығына Жалаңтөс Баһадүр 20 мың қол әскермен жәрдем берген.
Экспедиция мүшелері одан кейін 2000 жылдан бері ошағы сөнбеген Самарқантқа тоқтады. Бұл шаһардың орта ғасырда Орталық Азияда оймақтай орны болған деседі. Самарқант тек тарихи шаһар емес, бір замандарда білім мен парасаттың орталығы саналған. Экспедицияның мұндағы жұмыс сапары Регистан алаңын зиярат етуден басталды. Жалаңтөс Баһадүр салдырған Шердор түрлі қари мешіт медреселерін аралап көрді. Бауырлас екі елдің арғы-бергі тарихынан сыр шертетін бабалар мұрасымен танысты.
– Жоңғария мемлекеті негізінде күшейіп, өзінің жаңа ханын сайлап, Алатаудан өтіп Қырғыз елін шауып, 10 мың адамды тұтқынға алып, мына Ұлы жүздің жеріне Орбұлақтан өтіп, түгел жаулап алуды көздеген, – дейді Н.Мұсабаев.
Иә, Жалаңтөс Баһадүр тек қолбасшы емес сәулетші. Өркениеттің өрісітеуіне өзіндік қолтаңбасын қалдырған қайраткер. Жалаңтөс Баһадүр осы жазирада жай тапқан. Өзі салдырған мешіт медресі әлі күнге дейін жұмыс жасап тұр. Экспедиция құрамымыз сапар барысында Нұрат атаға, Әйтеке би кесенесінде зиярат етті. Жалаңтөс Баһадүрдің әкесі Сейтқұл әулиенің рухына оқып, тағзым жасады.
– Барлық медреселер Жалаңтөс Баһадүрдің басшылығымен, қаржыландыруымен салынған. Екеуін салуға 30 жылға жуық уақыт кеткен. Ал енді тұрған алаңымыздың аты Регистан алаңы. Бұл парсы тілінен аударғанда "құм сауыт" алаңы деп аталады, – дейді Республикалық "Жалаңтөс Баһадүр" қорының президенті.
О.ЖЕКСЕМБАЙҰЛЫ










