Құрылтай
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Суға түсу маусымы

Суға түсу маусымы

Жаз мезгілінің келуімен барлық өңірде суға түсу маусымы басталады. Демалыс күндері өзен-көлдерге ағылатын халықтың қарасы көбейіп, жағажайдағы демалушылар саны бірнеше есе артады. Суға шомылу – денсаулықты нығайтып, ағзаны шынықтыратын пайдалы демалыс түрінің бірі болғанымен, қауіпсіздік талаптары сақталмаған жағдайда оның салдары орны толмас қайғыға ұласуы мүмкін. Жыл сайын елімізде де, әлемде де судағы жазатайым оқиғалар тіркеліп, ондаған, тіпті жүздеген адамның өмірі қиылады. Осыған байланысты құтқару қызметтері мен мемлекеттік органдар жаз мезгілі басталған сәттен бастап тұрғындарды сақтық шараларын сақтауға шақырып, кең көлемді профилактикалық жұмыстар жүргізеді. Мамандардың пікірінше, қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтау арқылы судағы қайғылы оқиғалардың басым бөлігінің алдын алуға болады. Сондықтан суға түсу мәдениетін қалыптастыру және әр азаматтың жеке жауапкершілігін арттыру – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі.
Судағы қауіп көш басында
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сәйкес, жыл сайын әлемде шамамен 300 мыңнан астам адам суға батып қайтыс болады. Халықаралық сарапшылардың зерттеулеріне сәйкес, мұндай қайғылы оқиғалардың 90 пайыздан астамы төмен және орташа табысты мемлекеттерде тіркеледі. Сонымен қатар оқыс оқиғаның едәуір бөлігі өзенде, көлде және арнайы жабдықталмаған су айдынында орын алады. ДДСҰ мамандары қауіпсіздік шараларын күшейту, балаларды бақылауды арттыру және халықтың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру арқылы бұл көрсеткішті айтарлықтай төмендетуге болатынын айтады.
Әлемдік статистикаға сүйенсек, суға кету оқиғаларының ішінде балалар мен жасөспірімдердің үлесі жоғары. Әсіресе 1-14 жас аралығындағы балалар үшін судағы жазатайым оқиғалар басты қауіптің бірі. Сарапшылар мұны балалардың су айдынына қызығушылығының жоғары болуымен және ересектердің бақылауының жеткіліксіздігімен байланыстырады. Қайғылы жағдайдың басым бөлігі жаз мезгілінде, яғни маусымнан тамыз айына дейінгі аралықта тіркеледі. Көптеген мемлекетте дәл осы кезеңде жағажайларда қосымша құтқарушылар қызметке тартылып, тұрғындарға түсіндіру жұмыстары күшейтіледі.
Елдегі жағдай қалай?
Қазақстанда да судағы қауіпсіздік мәселесі ерекше назарда. Еліміздің аумағында 85 мыңнан астам өзен, көл және түрлі су айдыны бар. Жаз айларында олардың көпшілігі халықтың демалыс орнына айналады. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі жыл сайын суға түсу маусымы басталар алдында қауіпсіздік шараларын күшейтіп, рұқсат етілген жағажайларды дайындайды, су түбін тексереді және құтқарушылардың кезекшілігін ұйымдастырады. Соған қарамастан, еліміздегі жазатайым оқиғалар саны тұрақты.
Ресми мәліметке сәйкес, жаз айлары басталғалы 68 адам, оның ішінде 24 бала суға батып қаза тапқан. Құтқарушылардың жедел әрекетінің арқасында 90 адам аман қалған.
Қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында Прокуратура қызметкерлері Ішкі істер және Төтенше жағдайлар органдарымен бірлесіп, су айдындары маңындағы жаппай демалыс орындарында рейдтер жүргізіп жатыр. «Су жағасында демалмас бұрын шомылуға рұқсат етілген орындардың тізімімен алдын ала танысу ұсынылады. Бұл ақпарат әкімдіктер мен Төтенше жағдайлар министрлігінің аумақтық бөлімшелерінің ресми сайттарында орналастырылған» деп үндеу де жариялауда.
Осыған байланысты мамандар тұрғындарға тек ресми түрде рұқсат етілген әрі қауіпсіздік талаптарына сай жабдықталған жағажайларда ғана демалуға кеңес береді.
Аудан ауанын аңдасақ
Арал ауданы су акваториясының көлемі бойынша облысымыздағы ең үлкені болса, еліміздегі ең ірі ауданның бірі. Сол себепті жыл сайын су айдынында азаматтарымызбен қайғылы жағдайлар орын алатыны белгілі, ал суға шомылу маусымында тіпті өзекті мәселеге айналады.
Жыл басынан аудан бойынша азаматтарымыздың суға кету фактісі тіркелген жоқ, дегенмен 2025 – жылы 3 адам, 2024 жылы – 2 адам (1 кәмелет жасына толмаған бала), 2023 жылы – 3 адам суға кетіп, қайтыс болу дерегі тіркелді. Соңғы үш жыл көлемінде суға кету дерегінің негізгі себептерін саралайтын болсақ, басым бөлігі балық аулау кезінде қорғаныс кеудешесін пайдаланбау, мас күйде суға түсу, балалардың ересектердің бақылауынсыз суға түсуі, судағы қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан орын алып жатқандығын білеміз. Сол себепті азаматтық қорғау органы тарапынан жыл сайын ұсыныс енгізіліп, судағы қауіпсізідік қағидаларының талаптары қатаңдатылды. Бұрын аталған қағида талаптарын бұзушыларға ескерту түріндегі ғана шара көзделсе, қазіргі таңда әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 412-бабына сәйкес, су айдындарында қауіпсіздікті сақтамаған жеке тұлғаға – 7, лауазымды тұлға мен шағын кәсіпкерлік субьектілеріне – 10, орта кәсіпкерлік субьектілеріне 20, ірі бизнес өкілдеріне 60 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұлдар салыну қарастырылған.
«Абайлаңыз, қауіпті аймақ!»
Қызылорда облыстық маслихатының 2023 жылғы 27 қазандағы №56 шешіміне сәйкес, Арал ауданында суға шомылуға тыйым салынған 8 аймақ бар, оның 2-і Қамыстыбас көлінде (Қосжар ауылында питомниктің су айдау насостары орналасқан көлдегі аймақ, «Кәрібөгет» көпірінің тұсы), 5-і Сырдария өзенінің бойында (Қызылжар, Аманөткел, Хан, Аққұлақ ауылдарының тұсы және «Ақлақ» су торабының тұсы) 1-і «Кіші Арал» теңізінде («Көкарал» су тоспасы) орналасқан.
– Арал аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері аталған аймақтарда күнделікті профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Департамент қызметкерлерімен бірлесіп қауіпті аймақтардың ескертпе тақтайшалармен жабдықталуына, сонымен қатар жағажайлардың суға шомылу маусымына дайындығына қарау жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар Қамыстыбас жедел құтқару жасағының қызыметкерлерімен Қамбаш көлінде оналасқан «Аққұмшық» жағажайына және «Қамбаш» тынығу лагерінің жанындағы Тастақ учаскесіне су асты тазарту жұмыстары жүргізілді. Оған қоса, қазірті таңда бөлім қызметкерлері тарапынан қауіпті аймақтарға салуға оңай әрі тыйым салу белгілерінің инновациялық түрі трафарет арқылы қызыл бояумен боялуда. Қарау жұмыстарын жүргізу барысында суға шомылу маусымында нағыз тынығушылардың шоғырланатын орны Қамыстыбас ауылында және елді мекен аумағында су айдындарына барар жолдарда судағы қауіпсіздікті насихаттайтын билбордтар мен баннерлермен қамтамасыз етілмегені анықталды. Күнделікті тұрғындар мен қонақтардың көз алдында тұратын бұл құрылғы – азаматтардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынын ұмытпаған абзал, – дейді Арал ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы, азаматтық қорғау аға лейтенанты Дінисламбек Алмасбекұлы.
Суға шомылу маусымы кезеңінде «Аққұмшық» жағажайына көрші аудандар мен басқа өңірден де келушілер саны көбейіп, тынығушылар саны күнделікті 1000 ға жуық азаматқа дейін барады. Олардың ішінде балалар да бар. Осы ретте Арал ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері күнделікті профилактикалық жұмыстар жүргізіп, тынығушы азаматтарға күшейтілген түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Қауіпсіздікті күшейту мақсатында департаменттің «Жедел құтқару жасағының» Қамыстыбас құтқару станциясының (құрамында 13 қызметкер, 4 жүзу құралы бар) қызметкерлері де ұдайы дайын.
Сақтансаң, сақтайды
Қала тұрғыны Айдос Сәрсенбаевтың айтуынша, жаз мезгілінде отбасымен бірге демалысқа шыққанда ең алдымен қауіпсіздік мәселесіне мән береді. Оның сөзінше, балалары бар ата-аналар үшін жағажайдың тазалығы ғана емес, онда құтқарушылардың болуы, алғашқы медициналық көмек көрсету пунктінің жұмыс істеуі және қауіпсіздік белгілерінің орнатылуы маңызды.
– Бала күнімізде кез келген сулы жерге барып шомыла беретінбіз. Оны ешкім жасырмайды. Сонда ата-анамыз алаңдаса, «не үшін сонша қапаланады?» деп ойлаушы едім. Ал қазір өзім балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлемін. Арнайы жабдықталған жағажайларға ғана барамыз. Қамбаш көлінің де тек белгіленген аумағына шомылуға рұқсат беремін. Балаларды бір сәтке де қараусыз қалдырмаймын. Бұл – әрбір ата-ананың міндеті деп ойлаймын, – дейді ол. Оның пікірінше, тұрғындардың жауапкершілігі артқан сайын судағы жазатайым оқиғалардың саны да азая түседі.
Расымен де, суға кету оқиғаларының басым бөлігі адамның өз қауіпсіздігіне салғырт қарауынан болады. Ең жиі кездесетін себептердің қатарында жабдықталмаған жерде суға түсу, алкогольдік ішімдік ішкеннен кейін шомылу, балаларды қараусыз қалдыру және жүзу қабілетін асыра бағалау бар. Кейбір азаматтар тереңдігі белгісіз жерден суға секіріп, ауыр жарақат алады немесе су астындағы кедергілерге соғылады. Тағы бір қауіпті жағдай – өзендердегі қатты ағыс пен су түбіндегі шұңқырларды елемеу. Осындай факторлардың барлығы адам өміріне үлкен қауіп төндіреді және өкінішке қарай, кейде орны толмас қайғыға әкеледі.
Құтқарушы кеңесі
Судағы жазатайым оқиға кезінде алғашқы минуттар шешуші рөл атқарады. Сондықтан әрбір азамат алғашқы медициналық көмек көрсетудің қарапайым тәсілдерін білгені дұрыс.
Егер адам суға батып бара жатқанын байқасаңыз, ең алдымен 112 нөміріне хабар беріп, құтқарушыларды шақыру қажет. Арнайы дайындықсыз суға секіріп құтқаруға әрекет жасау кей жағдайда екі адамның да өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайда құтқару шеңберін, арқанды немесе ұзын заттарды пайдалану әлдеқайда қауіпсіз.
Зардап шегуші судан шығарылғаннан кейін оның жағдайын жылдам бағалау қажет. Ең алдымен адамның есін білу, тыныс алуын және тамыр соғысын тексеру маңызды. Егер тыныс алуы болмаса немесе өте әлсіз болса, жедел түрде жүрек-өкпе реанимациясын бастау керек. Мамандардың айтуынша, алғашқы төрт-бес минут ішінде дұрыс көрсетілген көмек адамның өмірін сақтап қалу мүмкіндігін бірнеше есе арттырады. Сондықтан алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларын меңгеру азаматқа қажет. Уақытылы және сауатты әрекет ету көптеген адамның өмірін аман алып қалуға мүмкіндік береді.
ТҮЙІН: Қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру құтқарушылардың немесе мемлекеттік органдардың жұмысы ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Ата-аналардың балаларды үнемі бақылауда ұстауы, жастардың жауапкершілік танытуы, демалушылардың белгіленген талаптарды орындауы және алғашқы көмек көрсету дағдыларын меңгеруі қайғылы оқиғалардың санын азайтуға ықпал етеді. Ол үшін әр адам қауіпсіздік ережесін сақтап, өз өміріне де, өзгелердің өміріне де бейжай қарамауы қажет. Өйткені адам өмірі – қымбат құндылық, ал қауіпсіздік – қорғаныш.
Г.САҚТАПОВА
01 тамыз 2026 ж. 19 0