Құрылтай
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сексеуілдің жаңа дәуіріне бастар тарихи қадам

Сексеуілдің жаңа дәуіріне бастар тарихи қадам

Мен үшін Сексеуіл – туған жер ғана емес, бүкіл ғұмырымды арнаған теміржол саласының тағдырымен біте қайнасқан қасиетті мекен. Теміржол саласының құрметті азаматы, құрметті теміржолшы ретінде осы өңірдің талай белесін, талай өзгерісін көріп келемін. Бүгінде Сексеуіл кенті үшін тағы бір тарихи кезеңнің басталғанына ерекше қуаныштымын.
«Қызылорда – Сексеуіл», «Ұлғайсын – Сексеуіл», «Бейнеу – Сексеуіл» автокөлік жолдары құрылысының басталуы – ел Президентінің тапсырмасымен жүзеге асып жатқан мемлекеттік маңызы бар ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі. Оған ҚР Премьер министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев арнайы келсе, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев телекөпір арқылы қатысып, жұмыстың басталу сәтіне куә болды. Бұл жобаның мемлекет тарапынан қаншалықты маңызды екені айқын. Тікелей байланыс барысында Нұрлыбек Машбекұлы бұл мемлекеттік ең ірі жоба екендігін ерекше атап өтті.
Бұл сөздің астарында үлкен жауапкершілік пен халықтың болашағына деген зор сенім жатыр. Себебі жол – тек қатынас құралы емес, ол экономиканың күретамыры, халықтың тұрмыс сапасын жақсартатын, кәсіпкерлікті дамытатын, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын маңызды инфрақұрылым.
Біз, сексеуілдіктер, бұл күнді көптен күттік. Ұзақ жылдар бойы ауданымыздың тұрғындары автомобиль жолдарының сапасын жақсарту мәселесін көтеріп келді. Енді, міне, сол арманның орындалатын сәті туды. Бұл – мемлекетіміздің шалғайдағы елді мекендерді дамытуға ерекше көңіл бөліп отырғанының нақты дәлелі.
Жол пайдалануға берілгенде Арқадағы Астана мен Аралдың арасы жақындай түсетін болады. Бұл тек географиялық тұрғыдан ғана емес, экономикалық, әлеуметтік және мәдени байланыстардың нығаюына да үлкен серпін береді. Жолаушылар мен жүк тасымалының мүмкіндігі артып, кәсіпкерлер үшін жаңа нарықтарға жол ашылады. Туризмнің дамуына, өңірдің инвестициялық тартымдылығының артуына да оң әсерін тигізері сөзсіз.
Ең бастысы – бұл игі бастама Сексеуіл халқының әлеуметтік жағдайының көтерілуіне оң ықпалын тигізбек. Жол құрылысының өзінде көптеген жаңа жұмыс орындары ашылса, кейін жолдың пайдалануға берілуі сауда-саттықтың, қызмет көрсету саласының, шағын және орта бизнестің дамуына мүмкіндік береді. Жастардың туған жерде еңбек етіп, кәсіп бастауына жағдай жасалады. Бұл ауылдың ертеңіне деген сенімді күшейтетін маңызды қадам.
Менің өмірім теміржолмен тығыз байланысты. Сондықтан көлік инфрақұрылымының ел дамуындағы рөлін жақсы түсінемін. Сексеуіл бұрыннан теміржолдың маңызды торабы ретінде белгілі. Енді теміржол мен автокөлік жолын тоғыстырған Сексеуіл тоғыз жолдың торабына айналып отыр. Бұл – кентіміздің стратегиялық маңызын бұрынғыдан да арттыратын тарихи мүмкіндік.
Осындай ауқымды жобаның жүзеге асуына «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Сексеуіл-Бейнеу» жолының құрылысын тездету керек. Осы жолдың арқасында Қазақстан аумағы арқылы Қытайдан Еуропаға жүк тасымалдау мерзімінің үштен бірі қысқарады» деп бастау болған Мемлекет басшысына, оны қолдап, жұмыстың жеделдеуіне үлес қосқан Үкімет басшысына және құрылыс жұмыстарының басталуына үлес қосқан барлық азаматтарға ризашылығымды білдіремін. Бұл – бір ғана Сексеуілдің емес, тұтас Қызылорда облысының, жалпы еліміздің дамуына серпін беретін маңызды бастама.
Біз бүгін тарихи оқиғаның куәсі болып отырмыз. Ертең осы жолмен ұрпағымыз еркін қатынап, ел игілігін көретін болады. Сондықтан бұл құрылыс – болашаққа салынған даңғыл жол, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған берекелі бастама деп есептеймін.
Бауыржан АЯҒАНОВ,
Сексеуіл кентінің тұрғыны,
Құрметті теміржолшы
09 тамыз 2026 ж. 83 0