Құрылтай
Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Стационарлық және стационарды алмастыратын медициналық көмек: кімге көрсетіледі және қалай алуға болады?

Стационарлық және стационарды алмастыратын медициналық көмек: кімге көрсетіледі және қалай алуға болады?

Қазақстанда медициналық көмек тәулік бойы жұмыс істейтін стационар жағдайында, сондай-ақ стационарды алмастыратын жағдайларда – күндізгі стационарларда және үйдегі стационарларда көрсетіледі. Бұл формат пациентке ауруханада тәулік бойы жатпай-ақ қажетті ем мен медициналық бақылаудан өтуге мүмкіндік береді.
Стационарлық және стационарды алмастыратын медициналық көмек азаматтарға медициналық көмектің түріне және тиісті медициналық көрсетілімдердің болуына қарай тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында көрсетіледі.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Жақсылық Абдусаметовтің айтуынша, 2026 жылы Қор филиалы медициналық қызметтер көрсету бойынша 121 медициналық ұйыммен шарт жасасты, оның 90-ы – жекеменшік медициналық ұйым.
Медициналық қызмет көрсетушілер қатарында:
стационарлық медициналық көмекті 24 медициналық ұйым көрсетеді, оның ішінде 16 мемлекеттік және 8 жекеменшік;
стационарды алмастыратын көмекті 42 медициналық ұйым көрсетеді, оның ішінде 12 мемлекеттік және 30 жекеменшік.
2026 жылы Қызылорда облысында стационарлық және стационарды алмастыратын медициналық көмек көрсетуге Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаражаты есебінен 54,514 млрд теңге қарастырылған, оның ішінде 6,261 млрд теңге жекеменшік медициналық ұйымдарға бағытталған. Бұл ретте ауылдық стационарлық мекемелердің бюджеттері тиісінше 21,562 миллиард теңге және 1,592 миллиард теңге көлемінде белгіленді.
Стационарлық көмек қандай жағдайларда көрсетіледі?
Стационарлық медициналық көмек пациентті аурухана жағдайында тәулік бойы медициналық бақылауды және емдеуді көздейді. Оны көрсету тәртібі Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 24 наурыздағы № ҚР ДСМ-27 бұйрығымен бекітілген стационарлық жағдайларда медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартымен реттеледі.
МӘМС аясында жоспарлы госпитализация медициналық көрсетілімдер болған жағдайда жүргізіледі. Ол созылмалы ауруларды емдеу, күрделі жоспарлы оталарды, оның ішінде жоғары технологиялық медициналық көмекті жүргізу үшін қажет болуы мүмкін.
Жоспарлы госпитализацияға жолдаманы қажетті тексерулер жүргізілгеннен кейін бастапқы медициналық-санитариялық көмек (БМСК) ұйымының емдеуші дәрігері немесе бейінді маманы береді.
Шұғыл госпитализация пациенттің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайларда жүзеге асырылады. Мұндай көмек сақтандырылу мәртебесіне қарамастан ТМККК аясында көрсетіледі.
МӘМС жүйесі аясында стационар жағдайындағы медициналық оңалту ауыр дерттерден, жарақаттардан және хирургиялық араласулардан кейін пациенттердің денсаулығын қалпына келтіруге бағытталған.
Жоспарлы госпитализацияға жолдаманы қалай алуға болады?
Жоспарлы стационарлық көмек алу үшін:
1. Тіркелген жері бойынша емханадағы жергілікті дәрігерге немесе бейінді маманға жүгіну.
2. Амбулаториялық жағдайда қажетті диагностикалық тексерулерден өту.
3. Медициналық көрсетілімдер болған жағдайда жоспарлы госпитализацияға жолдама алу.
4. Жолдама рәсімделгеннен кейін пациент туралы мәліметтер Емдеуге жатқызу бюросы порталына енгізіледі.
Пациентке госпитализацияның жеке коды бар жолдама беріледі. Осы код арқылы Емдеуге жатқызу бюросы порталының сайтында кезектің мәртебесін бақылай алады.
Сондай-ақ пациент ТМККК немесе МӘМС шеңберінде тиісті медициналық көмек көрсететін Қордың медициналық қызметтерді жеткізушілері арасынан медициналық ұйымды таңдай алады.
Стационарды алмастыратын көмек дегеніміз не?
Стационарды алмастыратын көмек пациентті ауруханада тәулік бойы жатқызбай-ақ емдеуге және медициналық бақылауға мүмкіндік береді. Ол емханалар жанындағы күндізгі стационарларда, сондай-ақ үйдегі стационарларда көрсетіледі.
ӘМСҚ-ның филиалының басшысы Жақсылық Абдусаметовтің айтуынша, мұндай формат тұрақты емдеуді, медициналық емшараларды немесе бақылауды қажет ететін, бірақ тәулік бойы стационарда болуды қажет етпейтін пациенттер үшін аса маңызды.
Қандай жағдайларда үйдегі стационарға және күндізгі стационарға жатқызу қарастырылған?
Стационарды алмастыратын көмек келесі жағдайларда көрсетілуі мүмкін:
тәулік бойы медициналық бақылауды талап етпейтін созылмалы аурулардың өршуі;
динамикалық бақылауға жататын созылмалы аурулары бар пациенттер тобын белсенді жоспарлы сауықтыру;
медициналық көрсеткіштер бойынша стационарлық емдеу курсынан кейінгі келесі күні пациентті емдеу;
екінші және үшінші кезеңдік медициналық оңалту курстарын өткізу;
паллиативті көмек;
жұқпалы асқынулар қаупі бар және маусымдық вирустық аурулар кезінде оқшаулауды қажет ететін орфандық аурулары бар балалар үшін үнемі фермент алмастыру және антибиотикалық терапия алу.
Күндізгі стационарға емдеуге жатқызуға арналған көрсеткіштер (тәулік бойы стационар кезінде):
операцияға дейінгі дайындық пен реанимациялық қолдау көрсететін операциялар мен араласулар;
клиникада жоқ, арнайы алдын-ала дайындықты немесе зерттеуді қажет ететін күрделі диагностикалық зерттеулер;
қан препараттарын құюмен, қан алмастыратын сұйықтықтарды вена ішіне құюмен, ерекше гипосенсибилизирлеуіш терапиямен, қатты әсер ететін препараттардың инъекциясымен, дәрілік заттарды буын ішіне енгізумен байланысты науқастарды бақылау және емдеу;
стационарлық емдеуден кейін келесі күнгі күтім, егер операциядан кейін ерте шығаруға көрсеткіштер болса;
паллиативті көмек;
химиотерапия, сәулелік терапия, онкологиялық науқастарға мамандандырылған ем-шарадан кейін пайда болған патологиялық жағдайларды түзету.
Жақсылық Әбілқасымұлы медициналық көмек пациенттің немесе оның заңды өкілінің емдеу-диагностикалық іс-шараларды жүргізуге жазбаша ерікті келісімін алғаннан кейін көрсетілетінін атап өтті.
Сұрақтар туындаған жағдайда қайда жүгінуге болады?
Медициналық көмек алу мәселелері бойынша азаматтар ең алдымен өздері қызмет алатын медициналық ұйымның Пациенттерді қолдау қызметіне жүгіне алады.
Егер мәселені медициналық ұйым деңгейінде шешу мүмкін болмаса, өтінішті Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына мына арналар арқылы жолдауға болады:
Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы;
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының ресми сайты;
@SaqtandyrýBot Telegram-боты;
1414 байланыс орталығы.
17 тамыз 2026 ж. 42 0