Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тағамнан уланудың алдын алу маңызды

Тағамнан уланудың алдын алу маңызды

Тағамнан улану – бұл асқазан-ішек жолдарына тамақпен немесе сусындармен бірге зиянды бактериялардың түсуінен ішкі органдардың жұмысының бұзылуынан болатын ауру. Улану көбінесе мерзімі өтіп кеткен, микробтармен зақымдалған, сондай-ақ химиялық заттармен бүлінген азық-түлікті қолданғанда пайда болады. Жүрек айнуы, құсу, іш өтуі, температураның көтерілуі, бас ауруы, денедегі ауырсыну– тамақтан уланудың негізгі белгілері болып табылады. Тағамнан уланудың алдын алу үшін күнделікті өмірде, тұрмыс тіршілікте тамақ дайындау кезінде қарапайым және тамақ алғанда мына төмендегі қарапайым ғана гигиеналық ережелерді сақтау ұсынылады:
- егер сіз өзіңізді жайсыз сезінсеңіз яғни тамақтан уланудың қандай да бір белгілері мысалы дене қызуы, нәжістің бұзылуы, жүрек айнуы, іштің ауыруы болса қонақтармен отбасы мүшелеріне тамақ дайындамаңыз;
- қолдың тазалығы гигиенасын қатаң сақтау: көшеден үйге келгеннен кейін,тамақтанар алдында және дәретханаға барғаннан кейін қолыңызды сабынмен мұқият жуыңыз;
- көкөністерді, жемістерді, жидектер мен салатқа арналған көк шөптер мен жапырақтарды әуелі мұқият жуып алғаннан кейін ағын судың астында шаю, ал кішкентай балаларға жемістерді берер алдында қайнаған сумен шайыңыз;
- ас үйдегі гигиена ережелерін сақтау, тамақ қалдықтарын жинайтын ыдыстардың қақпағы жабылатын болу керек;
- тоңазытқышта шикі тағамдармен дайын тағамдарды бөлек сақтау керек;
- инфекциялық аурулардың алдын алу үшін бөлу тақтайшалары мен пышақтарды өз қолданысына қарай пайдаланыңыз;
- жаңа піскен тағамды алдыңғы күнгі піскен тағам қалдықтарымен. араластырмаңыз;
- ет, құсеті, жұмыртқа және теңіз өнімдерін мұқият жеткілікті қуырыңыз немесе пісіріңіз;
- дайындалған салаттар мен ет, балық, құс өнімдерін бір күннен артық сақтамаңыз;
- торттарды, кремі бар торттарды тоңазытқышта сақтаңыз;
- тағамдарды әсіресе ет, балық өнімдерін дайындауы күмәнді жерлерден сатып алмаңыз;
- өнімнің жарамдылық және дайындау мерзімін мұқият оқып шығыңыз, өнімнің сапасын көзбен және иісіне қарап тексеріңіз, иістенген, көгерген тағамдарды жеуге болмайды;
- балаларды тамақтандыру үшін сүт, сүт өнімдері қосылған тағамдардың сақталуына мұқият болғаныңыз жөн;
- ішуге қайнатылған немесе бөтелкедегі суды пайдаланыңыз.
Жоғарыда аталған барлық ұсынымдарды орындау сізге жылдың кез келген уақытында тамақтан уланудан аулақ болуға көмектеседі.
Өкінішке орай соңғы кезде тұрғындардың көпшілігі әлеуметтік желі арқылы үй жағдайында дайындалған тамақ өнімдерін, торт, бәліш, фастфудтар, тез дайындалатын тағам өнімдеріне тапсырыс беруді әдетке айналдырған. Ондай тағамдарды тұтыну өте қауіпті. Себебі, бұл өнімдерді кіммен, қандай жерде, қандай өнімдері пайдаланғаны белгісіз. Дайындаған адамның медициналық тексеруден өткені тағы белгісіз.
Қоғамдық тамақтану орындарының кез келген қызметкері келушілерге зиян тигізбеу үшін санитариялық–эпидемиологиялық талаптарды жақсы меңгеріп, орындау керек. Кәсіпкерлік субъектілер персоналды жұмысқа қабылдар алдында міндетті түрде дәрігерлік тексеруден өткен медициналық кітапшасын талап етуі керек. Өйткені қоғамдық тамақтану орындарында адам денсаулығы үшін жауапкершілікті ұмытпай, қарапайым гигиена ережелерін сақтау, қоғамдық тамақтану объектілеріне қойылатын санитариялық қағида талаптарын орындау топтық тағамнан улану жағдайларының алдын алады.
А. Сатекеева,
Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау басқармасының басшысы 

Фото: Н. Нұржаубай
23 тамыз 2026 ж. 53 0