Қазақстанда күзгі әскерге шақыру науқаны басталды
2026 жылдың желтоқсан айының соңына дейін әскерден кейінге қалдыруға немесе әскери қызметтен босатылуға негізі жоқ 18 бен 27 жас аралығындағы 23 000-ға жуық ер-азамат мерзімді әскери қызметке шақырылады. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Әскерге шақырылған азаматтардың 12 000-нан астамы – Қарулы күштер, 7 000 – Ұлттық ұлан, 3 000 – ҰҚК Шекара қызметі, 400-ден астам адам – Төтенше жағдайлар министрлігі, 300-ге жуығы – Мемлекеттік күзет қызметі қатарын толықтыратын болады.
Бұдан былай әскери есепке алу мен шақыру қызметтерінің басым бөлігі проактивті форматқа өтіп, толық автоматтандырылады. Ол «Цифрлық шақыру» жүйесі мен «Smart военкомат» жобалары арқылы жүзеге асады.
Министрліктің хабарлауынша, тұрғылықты жері ауысқанда әскери есепке тұру, 17 жастағы бозбалаларды алғашқы тіркеуге қою, сондай-ақ әскерге шақыруды кейінге қалдыру мен босату қызметтері цифрлық форматқа көшірілді. Азаматтар әскери есепке қатысты барлық мәліметтерді eGov порталындағы жеке кабинетінен көре алады.
Ресми деректерге сәйкес, 2025 жылы тұрғылықты жері ауысқан кезде әскери есепке автоматты түрде қою жүйесі бойынша 434 мыңнан астам адам қайта есепке алынып, 457 мыңнан астам кейінге қалдыру шешімі автоматты түрде берілді. Ал E-Медтексеру жүйесі арқылы өткен жылы 17 мыңнан астам шақырылушы медициналық тексеруден цифрлық форматта өтті.
Әскерге шақырылғандарға қандай жеңілдіктер қарастырылған?
Қорғаныс министрлігі мерзімді әскери қызметтің тартымдылығы мен беделін арттыру бағытында сарбаздарға арналған бірқатар жеңілдіктерді де енгізді.
Енді әскери қызметшілер әскери-есептік мамандықпен қатар, еңбек нарығында сұранысқа ие 20-ға жуық жұмысшы кәсібін тегін меңгере алады. Олардың қатарында жүргізуші, байланыс маманы, парамедик, экскаваторшы және тағы басқалары бар.
Бұдан бөлек, сарбаздар үшін әскери қызмет өткеру кезеңінде несие төлемдерін кейінге қалдыру және ҰБТ тапсырмай-ақ мемлекеттік білім беру гранты бойынша жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігі қарастырылған.
2026 жылғы күзгі әскерге шақыру науқаны 31 желтоқсанға дейін жалғасады. Азаматтарға шақыру қағазы SMS-хабарлама арқылы немесе тұрғылықты мекенжайына қағаз түрінде жеткізіледі.
baq.kz










