Химиялық заттардан уланудың алдын алу
Химиялық заттардан улану - денсаулыққа айтарлықтай қауіп төндіретін өзекті мәселе. Мұндай жағдайлар тұрмыста да, өндірісте де орын алуы мүмкін, әсіресе қауіпсіздік ережелері сақталмаған кезде. Уланудың салдары заттың мөлшеріне, түріне және әсер ету уақытына тікелей байланысты кейде бұл жеңіл жайсыздықпен шектелсе, ауыр жағдайларда ағзаға қатты зақым келтіріп, өмірге қауіп төндіреді.Өндірісте көбінесе қауіптілік органикалық еріткіштердің буларымен, бояуларда, желімдерде және лак-бояу материалдарында қолданылатын химикаттармен, сондай-ақ пестицидтермен, гербицидтермен, минералды тыңайтқыштармен және улы газдармен байланысты. Мұнда желдетудің жағдайы мен санитарлық нормалардың сақталуы үлкен рөл атқарады. Тұрмыста да қауіп жоғары – улану көбінесе тұрмыстық химияны дұрыс сақтамау, жәндіктер мен кеміргіштерге қарсы у қолдану немесе тазартқыш құралдарды абайсыз пайдалану салдарынан болады. Негізгі қауіп факторы - қауіпсіздік техникасының сақталмауы. Қорғаныс құралдарын қолданбау немесе химиялық заттарды балалардың қолы жететін жерде сақтау улану қаупін едәуір арттырады.
Алдын алу шаралары шешуші мәнге ие. Олар санитарлық нормаларды қатаң сақтау, қорғаныс құралдарын дұрыс пайдалану, үй-жайларды желдетуді қамтамасыз ету және қауіпті заттарды сақтау тәртібін мұқият бақылауды қамтиды. Жұмысшылар тұрақты түрде медициналық тексеруден өтуі тиіс, ал халық уланудың мүмкін болатын тәуекелдері мен олардан қорғану жолдары туралы хабардар болуы қажет.
Егер улану орын алса, уақыт жоғалтпай әрекет ету керек. Ең алдымен, жедел жәрдем шақырылады. Химиялық зат ішке түскен жағдайда зардап шеккенге су беріледі, бірақ егер улану қышқылдардан немесе сілтілерден болса, құстыруға болмайды. Улы буларды жұтқан кезде адамды таза ауаға шығару қажет. Зат теріге тисе, зақымдалған жерді мол мөлшерде ағын сумен жуу керек. Дәрігерлер келгенге дейін зардап шеккенге тыныштық қамтамасыз етілуі тиіс.
Химиялық уланудың алдын алу - бұл жұмыс берушілердің, медициналық ұйымдардың және әрқайсымыздың ортақ жауапкершілігіміз. Тек қауіпсіздік ережелеріне мұқият қарау, еңбек жағдайы мен химиялық заттарды сақтау тәртібін бақылау, сондай-ақ уақтылы оқыту ғана денсаулық пен өмірді сақтауға көмектеседі.
А. Сатекеева,
бақылау басқармасының басшысы
Фото: Нұрболат Нұржаубай










