Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ОТАН ҚОРҒАУ – ЖҮРЕК ТАҢДАҒАН ЖОЛ

ОТАН ҚОРҒАУ – ЖҮРЕК ТАҢДАҒАН ЖОЛ

Мен 2000 жылдың 2 қазанында қасиетті Арал топырағында дүниеге келдім. Теңізбен тыныстап, кең даланың самалымен ержеткен балалық шағымның өзі менің бойыма туған жерге деген ерекше сүйіспеншілікті сіңірді. Адамның өмір жолында мамандық таңдауы – тағдырындағы маңызды шешімдердің бірі. Мен өз таңдауымды әскери саламен байланыстырдым.
Әскери киімнің айбыны мен тәртібі, елге қызмет етудің жауапкершілігі бала кезімнен көңіліме жақын болды. Сондықтан мектеп қабырғасынан кейін әскери білім алуды мақсат еттім. 2018 жылы Шоқан Уәлиханов атындағы кадет корпусына оқуға түстім.
Кадет корпусындағы екі жыл менің өмірімдегі ең маңызды кезеңдердің бірі болды. Бұл жерде мен әскери біліммен қатар, тәртіптің қадірін, уақыттың бағасын, жауапкершіліктің салмағын түсіндім. Таңның атысынан басталған күн тәртібі, саптағы қадам, әскери талап – бәрі де адамды шыңдап, мінезді қалыптастырады екен. Кеше ғана бала болып келген біз уақыт өте келе ел алдындағы жауапкершілікті сезінетін азамат болуға ұмтылдық.
Кейде адамды өмірдің өзі сынақ арқылы тәрбиелейді. Ал әскери өмір – сол сынақтың ең үлкен мектебінің бірі. Мұнда әрбір қадамың, әрбір шешімің маңызды. Өйткені әскери қызметші үшін Отан алдындағы міндеттен биік жауапкершілік жоқ.
2020 жылы кадет корпусындағы білімімді аяқтап, Қонаев қаласындағы 32363 әскери гарнизонда қызметімді жалғастырдым. 2020-2021 жылдары бөлімше командирі қызметін атқардым. Бұл мен үшін үлкен сенім әрі зор жауапкершілік болды.
Командир болу – тек сарбаздарға тапсырма беру емес. Командир ең алдымен өз ісімен үлгі көрсетуі керек. Қарамағыңдағы әр жауынгердің тәртібіне, дайындығына, қызметіне жауап бересің. Бір қарағанда қарапайым көрінетін әрбір міндеттің артында үлкен жауапкершілік жататынын сол кезде терең түсіндім.
Әскери қызмет маған ең алдымен адамды бағалауды үйретті. Бір сапта тұрған сарбаздардың мінезі әртүрлі болғанымен, мақсатымыз бір еді. Ол – Отанға адал қызмет ету. Бір-біріңе сену, қиын сәтте қолдау көрсету, ортақ міндетті бірге атқару – әскери ұжымның берік негізі.
Мен үшін әскери қызмет – жай ғана жұмыс емес. Бұл – жүрекпен таңдалған жол. Отан деген ұғымды сөзбен айту бір бөлек те, сол Отанның тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін жауапкершілік арқалау бір бөлек. Елдің бейбіт аспаны, халықтың алаңсыз тіршілігі – көзге көрінбейтін, бірақ маңызы зор еңбектің нәтижесі.
«Ер ел үшін туады, ел үшін өледі» деген аталы сөз бар. Меніңше, Отан қорғау – ер азаматқа жүктелген ең қасиетті міндеттердің бірі. Бұл жолда батылдықпен қатар сабыр, тәртіппен қатар табандылық, біліммен қатар жүрек керек.
Аралдың перзенті ретінде туған жерімнің атын абыроймен алып жүруді әрдайым азаматтық парызым деп білемін. Қай жерде жүрсем де, елден алған тәрбиемді, туған жерден сіңген қасиетті бойымда сақтауға тырысамын.
Әскери өмірден түйгенім – адам өз жолын таңдағанда оның жауапкершілігін де бірге қабылдауы керек. Мен таңдаған жол – елге қызмет ету жолы. Ал елге қызмет ету – мен үшін үлкен мәртебе, жүрекке жүк болған қасиетті аманат.
Данияр ҚОНЫСБАЕВ
22 мамыр 2026 ж. 21 0