Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел қорғаны – ердің айбыны

Ел қорғаны – ердің айбыны

Әскер – азаматты шыңдайтын орта. Отан алдындағы борышын өтеу – әрбір ер азамат үшін жауапкершілікті сезінудің, тәртіп пен төзімділікті үйренудің маңызды кезеңі. Бүгінде елімізде кезекті мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны жалғасып жатыр. Арал ауданында да жас азаматтарды әскер қатарына жөнелту жұмыстары белгіленген тәртіппен жүргізілуде.
Ел қорғаны – ердің айбыны. Тыныштықтың қадірін терең түсінген қоғам үшін Отан қорғау мәселесі қашанда маңызды. Әскер қатарында азамат тек әскери машық алып қана қоймайды. Ол тәртіпке бағынады, жауапкершілік арқалайды, өзімен қатарлас азаматтармен етене араласып, бірлік пен өзара қолдаудың мәнін түсінеді.
Қазақстанда 2026 жылғы көктемгі және күзгі мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны ұйымдастырылып, өңірлерде тиісті жұмыстар жүргізілуде. Арал ауданында да бұл бағыттағы іс-шаралар аудандық шақыру комиссиясының жұмысы арқылы жүзеге асырылуда.
Арал ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы, майор Азамат Жансейітовтің мәліметіне сүйенсек, 2026 жылғы көктемгі шақыру науқаны барысында әскери есепте тұрған азаматтардың саны 3638-ді құраған. Оның ішінде 343 жас мерзімді әскери қызметке шақырылуға жатқызылған.
Жалпы әскерге шақыру міндеттеу тұрғысынан қарамау керек. Әскери қызмет – ең алдымен азаматтың Отан алдындағы жауапкершілігін сезінуіне байланысты маңызды кезең. Жас адамның ел алдындағы борышын өтеуге саналы түрде келуі – қоғам үшін де, оның өзі үшін де мәні бар құбылыс.
Әскерге барып келген жастардың басым бөлігі қызметтің адамды жинақылыққа, тәртіпке және жауапкершілікке үйрететінін айтады. Кеше ғана мектеп қабырғасында жүрген жас жігіт әскери ортада өз бетінше шешім қабылдауға, уақытты тиімді пайдалануға, үлкен тәртіпке бағынуға бейімделеді.
Әскери қызметін өтеп келген аралдық жас Жандос Мұратұлы:
– Әскерге алғаш барған кезде бәрі таңсық болды. Жаңа орта, жаңа тәртіп, жаңа талап. Алғашқы уақыттарда үйді, ата-ананы сағынған сәттер де болды. Бірақ уақыт өте келе әскери тәртіпке үйренесің. Таңертең ерте тұрып, берілген тапсырманы уақытында орындау, үлкенге құрмет, қатардағы жолдастарыңмен бір-біріңе қолдау көрсету – мұның бәрі адамды өзгертеді. Әскерден келгеннен кейін өзімдегі жауапкершіліктің артқанын байқадым. Бұрын кейінге қалдыратын жұмыстарға қазір басқаша қараймын. Әскер – өмір мектебі.
Әскер маған үлкен мүмкіндік сыйлады. «Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Әскери-инженерлік радиоэлектроника және байланыс институты» грантқа түсуге сертификат табысталды. Бұл жастарға берілген мотивация деп білемін, – дейді.
Бұл кейіпкеріміздің айтқан жалғыз жеңілдігі. Мұнан бөлек те жеңілдіктер жетерлік. Ол жайында Азамат Жансейітов:
– Сарбаздарға арналған жеңілдіктер Заңмен бекітілген. Мерзімді әскери қызметтің сарбаздарына қызмет кезінде және ол аяқталғаннан кейін 60 күнге дейін банктік қарыздар мен микрокредиттер бойынша несиелік демалыстар беріледі. Бұл – алғашқысы.
Мұнан бөлек ҚР жоғары оқу орындарында тегін және ҰБТ тапсырмай-ақ ақылы түрде оқу мүмкіндігі қарастырылған.
Оқу орталықтарында әскери-есептік мамандықтар бойынша даярлықтан кейін мемлекеттік үлгідегі куәліктер беріледі. Осылайша, Қазақстан экономикасының нақты секторында сұранысқа ие жұмысшы мамантардың алу куәлігі табысталады, – дейді.
Иә, ел қорғаны болу – ер азаматқа жүктелген жауапкершіліктің бірі. Сондықтан әскерге аттанған әр жастың сап түзеп, туған жерден алыстағы әскери бөлімге қарай қадам басуы – бір отбасының ғана емес, тұтас елдің ортақ үміті мен сенімін арқалаған сәт.
Оңталап ЖОЛДАСОВ
20 қыркүйек 2026 ж. 22 0