Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Отанды қорғау – перзенттік міндет

Отанды қорғау – перзенттік міндет

Отан қорғаушы! Қандай қасиетті де құдіретті сөз. Әскер қатарында қызмет етіп, Отан алдындағы парызын өтеуге әрбір азамат міндетті. Себебі туған жерді, елді, атамекенді қорғау – қасиетті борыш. Бұл дегеніміз – батырлық пен табандылық, отансүйгіштік пен Отанға шексіз қызмет етудің нышаны. Қай дәуірде болсын, Отан қорғау әрбір Қазақстан азаматының қасиетті борышы болып келген. Өзін ер азаматпын деп санайтын кеудесінде ар-намысы, бойында жігері, жүрегінде оты бар әрбір жан үшін ең басты парыз, ең басты адами міндет – осы.
Аралдық сарбаз болуға жарайтын жас өрендер де жыл сайын Отан қорғауға аттанып, қазақ әскерінің қатарына қабылдануда. Аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы, майор Бауыржан Қуатов биыл көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру кезінде ауданнан 86 бала Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған.
– Әскер – тәуелсіздігіміздің берік қорғаны. Әскерімізді нық ұстап тұру қасиетті борыш ғана емес, зор мәртебе. Отанымздың тыныштығын күзетуге аттанған аудан жастары бойындағы жоғары патриоттық тәрбиенің арқасында әскери борыштарын адал атқаруда. Осы ретте елім деген азаматтарды тәрбиелеп жүрген ата-аналар мен мұғалімдерімізге алғысым шексіз. Қазіргі уақытта күзгі мерзімді әскери қызметке шақыру және аттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Осы шақта 2 команда Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды. Бұл жұмыстар әлі де жағасын табады. Сол себепті сарбаздық жасқа жеткен аудан жастарына әскери борышын өтеуге барамын десе біздің бөлімшенің есігі әрдайым ашық екендігін айтқым келеді, – деді Б. Қуатов.
Отан алдындағы борышын өтеу 18-27 жасқа толған денсаулығы жарамды әрбір ер жігітке міндет. Әскери қызметтен жалтару да жазасыз қалмайды. Сондықтан еліміздің іргесі қуатты болуы үшін жүрегінде оты бар әрбір азамат өз еркімен әскери борышын өтеуге аттануы керек. Жастарымыз мұның мәжбүрлік емес, перзенттік міндет екендігін сезінуі аса маңызды. Бір сөзбен айтқанда, үлкен өмірдің алғашқы баспалдағынан әр азамат өтуі керек.

Н. БАҚЫРАН
13 қыркүйек 2022 ж. 723 0