Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әскер – ел қорғаны

Әскер – ел қорғаны

Әскери қолбасшы Бауыржан Момышұлы атамыз: «Ерлік – табиғат сыйы емес, саналы әскери тәрбиенің жемісі. Отан алдындағы қасиетті парызыңды орындау үшін адамзаттың ең асыл сезімімен жігерленіп, өзіңді саналы түрде қауіп-қатерге бас тігуге мәжбүр етудің нәтижесі» деп, бүгінгі жастар санасына үлгілі ой қалдырғаны анық.
Қазақ халқы отбасындағы ержігіт тәрбиесіне аса жауапкершілікпен қараған. Оның салмақты, байсалды болуымен қатар өз Отанына, жеріне деген махаббатын жетік түсіндіре білген. Ежелгі түркі қағандығы кезінде тасқа жазылған Күлтегін ескерткішінде ел билеушілерінің отаншылдық үлгісі көрініс тапқан. Төле, Әйтеке, Қазыбек билер, сонымен бірге Ақтамберді, Бұқар жыраулар және ХХ ғасыр басындағы Ә.Бөкейхан, Ж.Аймауытов, А.Байтұрсынов, С.Торайғыров, М.Жұмабаев сынды ұлт зиялылары мен қайраткерлері отаншылдықты құр сөзбен ғана емес, іспен де келешек ұрпаққа көрсете білді. Ендігі әскерден жалтару, Отан алдындағы міндетке немқұрайлы қарау бүгінгінің өзекті мәселесі ме? Немесе патриоттық тәрбиенің жетіспеушілігі ме? Әрине  көкейтесті бұл сауалдар көзі ашық, саналы адамды толғандырмай қоймасы хақ.
Арал ауданы бойынша жалпы 2022 жылдың көктемгі әскерге шақыру кезеңінде 97 адамға меже берілген. Оның ішінде ҚР Шекара қызметінен 18 адамға берілсе, өз межесімен 100 пайызға орындалған. Ал ҚР Қарулы Күштері қатарынан 44 адамға берілсе, оның 30-ы аттанып, 10 азамат ұсынылып отыр. Сондай-ақ бұл тапсырма әлі де орындалу үстінде. ҚР “Ұлттық Ұлан” қатарына 35 азамат аттанған. Бұл жөнінде Арал аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы, майор Бауыржан Қуатов:
– Бүгінгі жастардың әскер қатарына қосылуы өзекті мәселелердің бірі болып отырғаны рас. Қазіргі таңда 18-27 жас аралығындағы азаматтарды әскерге шақыру барысында қала және ауылдық округ бойынша, сондай-ақ ата-аналарына әскер туралы түсіндірме және үгіт-насихат жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Егер дәрігерлік комиссиядан жалтарған жағдайда 15 900 теңге көлемінде айыппұл салынады. Жарамды болып, әскерден жалтарған азаматтарға 3 млн 180 мың теңге айыппұл салынып, 1 жылға бас бостандығынан айырылады. Сонымен бірге 400 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылады. Үгіт-насихат жұмыстарына сәйкес аудандық комиссияға келіп жатқан әскерге жарамды азаматтар облысқа ұсынылып жатыр. Сондай-ақ әскерге шақырту барысында азаматтардың ауылда болмауы сынды кедергілер туындауда. Сол себепті біз жан-жақты іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Ата Заңымыздың 34-бабында «ҚР қорғау – әр азаматтың қасиетті парызы, әрі міндеті» екендігі тайға таңба басқандай көрсетілген. Сол үшін Отан қорғау парыз және міндет болып табылғандықтан, барлық азамат әскери борышын өтеуге міндетті, – деп қорытындылады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 4 наурыздағы №827 "Әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару және Қазақстан Республикасының азаматтарын 2022 жылдың наурыз-маусымында және қыркүйек-желтоқсанында мерзімді әскери қызметке кезекті шақыру туралы" Жарлыққа қол қойған болатын. «Әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатылуға құқығы жоқ он сегіз жастан жиырма жеті жасқа дейінгі ер азаматтар 2022 жылдың наурыз-маусымында және қыркүйек- желтоқсанында Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігіне, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігіне, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметіне мерзімді әскери қызметке шақырылсын», –деп құжатта айтылған.
Сонымен бірге Президент жастарды Отан алдындағы әскери борышын өтеуге ынталандыру жолын ойластыру қажет екендігін айта отырып:
– Көптеген жас азаматымыз қарулы күштер қатарында әскери борышын өтеуден қашады. Әскери билетке ие болу жастардың мақтанышын тудырмайды және Отанға қызмет етудің белгісі саналмайтын болды. Әскер қатарында қызмет ету, құқық қорғау саласында жүмыс істеу — айрықша миссия. Бұл Отан үшін жанын салуға бел буған азаматтардың саналы таңдауы. Жастарымызды әскери борышын өтеуге қалай ынталандыру керек екенін біз бүкіл қоғам болып ойластыруымыз қажет. Біз — мықты халықпыз. Төл тарихымызда қалай жаугершілік заманды, ашаршылық және басқа да алапат қиындықты бастан өткердік. Кейінгі күндердегі қайғылы оқиғалар біз үшін тағы бір сынақ болды. Оны еңсеріп, бұрынғыдан да мықты боламыз, — деген болатын Мәжіліс отырысында.
Иә, бұла күшін бір-біріне емес, елді қорғауға жұмсайтын жауынгерлер керек. Жастарды әскерге баруға ынталандыру үшін отбасындағы тәрбиенің де маңызы бар екендігін естен шығармайық. Баланың Отан алдындағы борышын өтеп, еліне қызмет етуі – басты құндылық. Сол үшін ел болашағы – бүгінгі жастар қолында екендігін ойға ала отырып, Отан алдындағы басты парызын орындауына атсалысқанымыз жөн.
А. НҰРЛАНОВА
07 мамыр 2022 ж. 805 0