Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әскерден алғыс алып қайтты

Әскерден алғыс алып қайтты

Исламда бес нәрсені қызғыштай қорғау міндеттелсе, соның бірі – Отанды қорғау екен. Елді, жерді, өз ұлтыңды сүюдің айғағы Отан алдындағы борышыңды өтеуде екені осыдан болар. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Исламбек Жайлыбаев – әскери борышын өтеп, абыроймен оралған жастардың бірі. 
Жүрегіндегі патриоттық сезімнің жалынын өшірмей, әскер қатарына қабылданып, өзінің азаматтық міндетін адал атқарды. Өзіне артылған міндетті мүлтіксіз орындап, әскери қимылды барынша меңгерген Исламбектің жауапкершілігі мен ерлігіне, әскери антына адалдығына 6699 әскери бөлімінің командирі, подполковник А. Солтановтың «Алғыс хаты» айқын дәлел бола алады. Үміт артқан ұлының мақтауға лайық ерлігіне қуанған анасы Жанар Аманкелдіқызы:
– Анаға баладан қымбат не болсын?! Әрбір ананың жүрегі перзентінің аман болып, көз алдында жүргенін қалайды. Мен де Исламбекті әскерге аттандырып тұрғанда қобалжып, қорыққаным рас. Бірақ, «жауынгер сапта ойнасын» деген сөз бар емес пе? Мен де ер-азаматтың басты міндеттерінің бірі әскер қатарында болып, елдің қауіпсіздігі үшін қандай қиындықтарға болмасын төзіп, жауапкершілікті сезіне білсін дедім. Ұлымның сапарына сәттілік тілеп, сеніммен шығарып салдым. Міне, сол үмітім ақталып, қолына Алғыс хатын алып келген Исламбекті күтіп алғандағы қуанышыма куә болып отырсыздар, – дейді. 
Иә, әскери өмір мен казармадағы күндерін қызықтай айтқан Исламбек те өз сезімін жасыра алмады.
– Әскери өмір ер-азаматтың басындағы ең қызықты күндер екен. Қазақстанның әр аймағынан жиналған жастар бір жылда бірге туған бауырдай болып кеттік. Дос таптық. Отанға деген махаббатымыз оянып, өз-өзімізге сеніммен қарауды үйрендік. Қолға қару алып, оны пайдаланудың жолдарымен жете таныс болдық. Әсіресе, туған жерден, өз үйімізден шалғайда жүрген күндердегі сағыныш сезімі тіпті ерекше болады екен. Елге, анаға, бауырларға деген махаббатты біз шынайы түрде сезіне алдық. Бүгінде әскерде өткерген 1 жыл уақытты барлығы босқа өткен күндер деп санайтын шығар. Шындығына келгенде, барлық сезім мен әр азаматты нағыз ерлікке, адалдыққа тәрбиелейтін орта – әскердегі орта, – дейді жас жауынгер.
«Ерлік – елге мұра, ұрпаққа үлгі» дейді емес пе? Олай болса, әрбір әскер қатарына жасы келген жігіттің сапта тұрып, сарбаз атану борышы деп білеміз.

А. Бисентегі
17 сәуір 2019 ж. 1 969 0