Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» »  Патриоттық тәрбие беруге үндейді

 Патриоттық тәрбие беруге үндейді

 Қазақстан Республикасының әр азаматының бойынан адамгершілік, қайсарлық, қайырымдылық тәрізді тұлғалық қасиеттермен қатар өз Отанына, Туған жеріне деген сүйіспеншілік сезімі де табылуы тиіс. Ол, әрине, отбасындағы ата-анасын сүю, бауырларына қамқор болу сияқты құндылықтардан бастау алып, мектеп қабырғасында берілетін рухани-патриоттық тәрбиемен ұштасып жататыны анық. Ал одан кейінгі кезең адам бойындағы нағыз рухани қасиеттердің пісіп-жетілетін, бір арнаға түсетін шағына сәйкес келгендіктен, ер азаматтардың алдында–Отан алдындағы борышын өтеу сынды жауапты сәт тұрады. Қазіргі таңда азаматтық міндетті атқарудың түрлі жолдары қарастырылған.
Мәселен, ЖОО-да оқып жүрген студенттер әскерден бөлек, оқу орнында жүріп-ақ белгілі мерзім аралығында құжаттар дайындап, арнайы психологиялық емтихан мен нормативтік жаттығу сынақтарынан өту арқылы әскери кафедраның курсанты атануға толық мүмкіндігі бар. Осы сынақтардан өткен студент ЖОО бойынша аптасына бір күн сабағынан босатылып, әскери кафедрада теориялық біліммен қатар оны тәжірибе жүзінде сынауға тапсырмалар алып отырады. Әскери кафедраға қабылдау 2-курстан бастап жүргізіліп, кейін оқу бітіргеннен кейін әскери билетпен бірге «запастағы лейтенант» атағы беріледі.
Сондай-ақ, 2015 жылғы құжат бойынша әскери кафедраға қыз балаларға да қатысу мүмкіндігі берілді. Аталмыш жүйе Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінде де қарастырылған. 2016-2017 оқу жылында  әскери кафедрада 35 взвод жасақталды.
 Атап айтсақ, “Мотоатқыштар бөлімшелерін, бөлімдер мен құрамаларды  жауынгерлік пайдалану” ӘЕМ бойынша бірінші курста-11 взвод; екінші курста-7 взвод. “Құрлық әскерлерінде тәрбие және идеологиялық жұмыстарды ұйымдастыру” ӘЕМ бойынша бірінші курста-10 взвод; екінші курста-7 взводқа оқу-тәжірибе жұмыстары жасалуда.
Сонымен қатар, профессорлық-оқытушылар  құрамының саны  24адамды, инженерлік-техникалық құрам - 3 адамды, оқу-көмекші құрамның  саны 7адамнан тұрады. Кафедрадағы негізгі оқу жүйесі ресми тілде болғанымен, тәжірибелік жаттығулар мемлекеттік тілде жүргізіліп келеді.
Осы орайда, әскери кафедраның мамандары мен сонда оқып, тәжірибе жинақтап жүрген оқу ордамыздың студенттерінен аталмыш жүйенің жұмысы мен құрылымы жайлы пікірін білген едік.
Сакен Макатаевич, полковник: Бізде студенттердің теориялық білімімен қатар тәжірибе жүзінде де өз шеберліктерін дәлелдеуге арналған оқу-жаттығулары жүргізіліп тұрады. Мәселен, 2017 жылғы 17-21 сәуір аралығында  әскери кафедраның сабақ кестесіне сәйкес “Жауынгерлік машиналарды жүргізу” жөнінде техникалық дайындық бойынша жаяу әскер машиналарын жүргізу тренажеріндесабақ жүргіздік. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ әскери кафедрасының  256 курсанты  әскери ант қабылдады.
Жанна Маратовна, құқықтық тәрбие жұмысыны бойынша аға оқытушы: Әскери кафедра болашақ офицерлерді дайындау бағдарламасына арналған. Және бұл–ЖОО-да білім алатын студенттер үшін қосымша білім. Біздегі 250-ден астам студент әскери оқу мамандығының екі түрін меңгеріп шығады. Ал, сабақ барысына кафедраның басқарушы құрамы ұдайыбақылау жүргізсе, профессор-оқытушылар жүйелі түрде сынақтық емтихандарды қабылдап отырады.
Сондай-ақ, әскери кафедра мен университетті сәтті бітірген студенттер офицер шенін иеленуге мүмкіндік алады.
Тұрсынбек Жұмасат, Әлеуметтік ғылымдар факультетінің 3-курс студенті: Ең әуелі, біз кафедрада әскери тәртіпке бағынуды, Ата заңымызды сыйлауды үйренеміз. Екіншіден, қару-жарақтардың құрылымымен, жұмыс жасау техникасымен жіті танысамыз. Ал үшіншіден, соғыс жағдайында тойтарыс беру тәсілдерін меңгереміз. Сонымен қатар, әскери кафедрадағы әр курсант өзін батыл, әрі батыр сезініп қана қоймай, Отанының алдында азаматтық борышын өтеп жүргенін мақтан тұтады. Кафедраның алдында қазақ қаһармандарының суретінің ілініп тұруы да жас жігіттердің бойына рух беріп тұрады деп ойлаймын.
Асия Сейталиева, Журналистика және саясаттану факультетінің 3-курс студенті: Мен университетіміздің әскери кафедрасында екінші жыл қатарынан оқып жатырмын. Көп адам бұны әйел азаматшаларға лайық іс емес деп санаса да, қазіргі уақытта нәзік жандылар әлем елдері әскерінің негізгі бөлігін құрайды. Демек, біз де ер азаматтармен тең дәрежеде әскери істі меңгеріп, абыроймен атқара аламыз. Сонымен қатар біз өзімізді ғана емес, Отанымызды, туған жерімізді үлкен жауапкершілікпен қорғай алатынымызды дәлелдегіміз келеді.
Қорыта айтқанда, Елбасы Н.Әбішұлы «Патриот болу–өз Отаныңды шын жүректен сүю, өзіңе және өз халқыңа сеніп, қоғамға қызмет ету» деген сөзі қазіргі әскери тәрбиенің негізгі мақсатын айқындап берсе керек. Қазақ жастарының өзін рухани, тұлғалық жағынан жақсы қалыптастырып, туған еліне деген сүйіспеншілік сезімін арттыруда әскери кафедралардың да алатын орны зор.
Әсем ҚҰЛМАНОВА
07 наурыз 2018 ж. 1 060 0