Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Әскери саланы таңдаған қос Райымбек

Әскери саланы таңдаған қос Райымбек

Әскер – кеудесі от жүректі жастардан құралады. Ел қорғаны болу – ер жігіттің бақыты. Осы тұрғыда Елбасы Назарбаев "Жауынгер деген қадірлі де қасиетті ұғым. Өйткені әскери адам оттан ыстық Отан шебін қорғайды. Ашық аспан, бейбіт өміріміздің тірегі де, қорғанышы да – солар. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның армиясы – біздің ата-бабаларымыздың жауынгерлік дәстүрінің заңды жалғасы" деген еді. 
Мамандар есімнің тағдырға  әсер ететіні әркімнің сеніміне байланысты екенін айтады. Дегенмен қос Райымбектің да бабалары Райымбек батырға өмір сүру салты ұқсас десе де болады. Бүгінгі әңгімеміз қазақ елінің бостандығы үшін күрескен мықты қолбасшы, 18 жасында әскер басқарған Райымбек батырдың есімін еншілеген сексеуілдік қос сарбаз, өздері де бүлдіршін тәрбиелеп, әке атанған Райымбек Бекетов пен Райымбек Ұзақбаев туралы болмақ.
Райымбек Бекетов 1992 жылы 7 қазанда Сексеуіл кентінде дүниеге келген. Ол 2010 жылы №87 орта мектепті бітіреді. Әкесі мен анасы баласының "Мен әскери саланы таңдадым" деген талабына қуанып, болашағынан көп үміт күтті. Жүрек қалауын жүзеге асырған Райымбек Ақтөбе қаласындағы Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері институтына қабылданып, оны 2014 жылы тәмамдап, "лейтенант" шенін алады. 2014 жылдан жоғарғы басшылықтың бұйрығымен Алматы қаласындағы 53975 әскери бөлімінде авиация борт инженері (нұсқаушы) болып еңбек етуде.
– Қазіргі таңда МИ-8, МИ-17, МИ-35 тікұшақтарымен ұшып жүрмін. Әуеде ұшу уақытым 950 сағатты құрады. 2014, 2015, 2016 жылдары Нұр-Сұлтан қаласындағы әскери шеруге қатысу бақытына ие болдым. Әскери тапсырмаларды орындаудағы білім-білігім ескеріліп, "Т.Бигелдинов", "С.Нұрмағамбетов" және "Мінсіз қызметі үшін" медальдарымен марапатталдым,– деді жас офицер.
Райымбектің жас та болса осындай жетістіктерге жетуінде әкесі Абдулхайн мен анасы  Жаңылғанның жанұяда ұрпақ бойына туған жерге деген патриоттық сезімін оятып, Отанға деген құрметті дарыта білгенінің нәтижесі болар.
– Болашақ жастарды Отанды сүюге, әскери қызметке деген құлшынысын мектеп қабырғасында жүргенде-ақ арттырып, өзін барлық жағынан әскери өмірге – шыдамдылыққа, қырағылыққа дайындап, Отан алдындағы борышты өтеуге шақырамын. Бүгінгі таңда әскерилерге барлық жағдай жасалған. Расында да, Отанға деген сүйіспеншілік пен махаббат анаға жасаған құрметпен тең, – деді мақтаныш сезіммен капитан Райымбек Бекетов.    
 Ал екінші кейіпкеріміз Райымбек Ұзақбаев 1994 жылы 12 қыркүйекте Сексеуіл кентінде өмірге келген. 2000 жылы №87 орта мектептің 1-сыныбына қабылданып, 9-сыныбын бітіреді. Содан соң соң темір жол колледжіне оқуға түсіп, 2013 жылы ойдағыдай тәмамдайды. Сол жылы әскер қатарына шақырылып, Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасы ұлттық "Ұлан" қатарында Отан алдындағы борышын өтейді. Жауынгер қатарында жүріп, ерекше қабілетімен көзге түскен жас сарбаз ендігі тағдырын әскери саламен байланыстыруды құп көріп, келісімшартпен әскерде қалуға шешім қабылдайды. Мұндай шешімге келуінде әкесі Ғани мен анасы Амандықтың берген тәлім-тәрбиесінің, жеке тұлға болып қалыптасуына, қоғамдағы өз орнын табуында еңбегі ерекше.
– Осы салада еңбек еткеніме жеті жылдан асып барады. ҚР Мемлекеттік күзет қызметінде еңбек ету жастар үшін үлкен құрмет. Аталған бөлімнің міндеті – мемлекеттік шараларды өткізуде қауіпсіздікті сақтау және мемлекеттік объектілерді қорғау, шетелдік делегацияларды қарсы алу және шығарып салу, басқа да маңызды шараларды орындау. Ел әскерінің бүгінгі деңгейге жетуі Мемлекет басшысының қорғаныс саласын нығайтуға байланысты  белгілеп берген басымдықтары мен міндеттерінің орындалуы арқасында жүзеге асты. Әр сарбаз Отан қорғаушы ретінде өзінің ел алдындағы жауапкершілігін сезінуі тиіс, – деді жас сарбаз Райымбек Ұзақбаев.
Осындай әскери саланы таңдап, ел қорғаны болуды мақсат еткен бір мектептің түлектері – қос Райымбектің Қазақстанның Қарулы Күштері қатарында абыройлы еңбек етуі білім мен тәрбие беріп, ұрпақ бойына Отанға деген шексіз сүйіспеншілікті қалыптастырған мектеп ұжымы мен ауылдастары үшін үлкен абырой, зор мақтаныш.   

К. МАХСҰТ 
05 мамыр 2021 ж. 1 185 0